Алматы әуежайы жолаушыларға жайлы бола түседі
Мегаполистегі бірінші теміржол вокзалының құрылысы жеделдетіледі. Ал екі жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары жоспарланған мезгілде аяқталады.
Мегаполистегі ірі жобаларға қатысты Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев тиісті тапсырмалар берді.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары ұшақтан түсе сала әуежайдың жай күйімен танысты. Мұнда жылына 12 миллион жолаушы табан тірейді. Жаңа халықаралық терминал іске қосылғалы бұрынғы ғимарат ішкі рейстерге қызмет көрсетуде. Қазір ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, қарқын өте баяу, - деді Нұрлыбек Нәлібаев. Әсіресе сапа ақсап жатыр. Ол жақында нөсер жауыннан әуежайдың жаңа терминалының шатырынан су аққанын еске салды. Президенттің Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік экономикалар деңгейіне шығару міндетін қойғанын, Үкімет бұл тапсырманы басым бағыт ретінде қарастыратынын қадап айтты.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Бір подрядчикке сеніп отырмаңыздар. Мына арада 24 сағат жұмыс жасап, жұмысты бітіру керек. Тамызды күтетін жағдай жоқ. Тағы да айтамын, күнде мына араға қаншама турист, мәртебелі қонақтар, Мемлекет басшылары келіп жатыр. Ұят, қонғаннан бастап мынаның бәрі жайрап жатқаны өте ыңғайсыз. Сол үшін кемшіліктердің барлығын 1 шілде, керек па 10-20 подрядчик қоясыздар. Өте сапалы жасайсыздар. 1 шілдеден кейін бір тамшы су ақпауы керек.
Былтыр наурызда «Алматы-1» теміржол вокзалында реконструкциялау басталған. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Жоспарланған жұмыс кешеуілдеп, жолаушылар тізе бүгер орын таппай қиындық көруде. «Аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді», - деді Нұрлыбек Нәлібаев. Сондықтан жеделдетуді тапсырды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Бұл шынын айту керек, еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзал мұндай реконструкциядан өткен жоқ. Жаңадан мұндай вокзалдар салынған жоқ. Ал енді біз соған болсын деп Мемлекет басшымыз қаражат беріп жасап жатқанда біз дұрыс ұйымдастыра алмай жатырмыз. Қазақстан темір жолы мен әкімдіктер. Мынау ұят, Үкімет басшысы да қатаң бақылауға алды. Тапсырма берді, күндіз-түні жұмыс істеу керек.
Үлкен Алматы айналма автожолына қатысты мәселелер де үкімет назарында. Қаланың алты көшесі осы айналма жолмен жалғануы тиіс. Бұл жоба шаһарға қатынайтын азаматтар үшін өте маңызды.
Әсет Масабаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
- Екі жүз тоқсан екі жер телімін сатып алу керек болған осы алты жоба бойынша, қазіргі таңда 454 сатып алдық, 38 қалып отыр. 38-дің 21-і сотта. Қалғанын 17-сін шештік.
Алатау ауданындағы екінші жылу электр стансасы – алып шаһардағы ең ірі жылу көзі. Энергетика кешені табиғи газға көшірілсе, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар азаяды. Қазір жұмыс кестеге сай жүріп отыр. 2026 жылдың соңында толықтай газға ауысады. Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысы Іле ауданында орналасқан үшінші жылу электр орталығын да аралап көрді. Энергетикалық нысандардың жұмысын қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан қажетті шаралар қабылданған. Соған сәйкес жаңғырту жұмыстарын мерзімнен кешіктірмей, дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Биыл бітіруіміз керек осыны. Бұл жұмысты жүргізуіміз керек. Тез арада іске қосуымыз керек. Үкімет басшысының да қатаң бақылауында. Мүмкіндік болса, жылдың аяғына бітіру керек. Атырау бола ма, Ақтау бола ма, Павлодар бола ма, қай жақта бар? сындай ТЭЦ салып жүргендерді алып келейік осы жерге.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Алматының индустриялық аймағына барып, заманауи автомобиль кластерін құру жұмысымен танысты. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 120 мыңға дейін автокөлік шығаруға жетеді. Бүгінде 1900 адам еңбек етеді. Болашақта жұмысшы саны 3600 адамға көбейеді. Бұдан өзге Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларымен танысты. Туризмді дамытуды көздейтін кластер – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған Қазақстанның сүбелі жобасы. Ол екі кезеңде жүзеге асырылады. Инженерлік инфрақұрылым мен автожол 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланған. Нұрлыбек Нәлібаев жобаны жүзеге асыру қарқынын бәсеңдетпей, жоспарланған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов