Олжас Бектенов World Urban Forum сессиясына қатысты

Қалалардың дамуы заманауи сын-қатерлерге жан-жақты әрі жүйелі жауап беруді талап етеді. 

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Бакуде өткен Дүниежүзілік урбан форумның 13-ші сессиясында мәлімдеді. Жиында технологиялық даму мен жасанды интеллект, су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі және қалалық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру мәселелері талқыланды. Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының 63 пайыздан астамы қалаларда тұрады. Биыл елімізде жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, сәулеттік жобалау мен кешенді қала құрылысына бірыңғай стандарттар енгізілді. Сондай-ақ барлық өңірде урбанистикалық даму орталықтары құрылды. Олжас Бектенов Алатау қаласын дамыту жоспарына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл кластер халықаралық инвестиция тартуға, заманауи басқару технологиялары мен инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған. Нәтижесінде жайлы әрі технологиялық тұрғыдан дамыған қалалық орта қалыптастыру көзделіп отыр.