Астанада агробизнесті дамытудың тың тетіктері қаралды
Астанада ауыл шаруашылығы мамандары мен кәсіпкерлерге арналған агрофорум өтті. 8-рет ұйымдастырылған шараға 700-дей адам қатысты.
Көпшілігі онлайн қосылып, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды. Сала мамандары үй шаруашылығын дамытып, табысты агробизнес құру тетіктерін талқылады. Агрофорум KMF Банк және «KMF-Демеу» корпоративтік қоры қолдауымен ұйымдастырылды. Форум аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті.
Астанадағы агрофорумда ауыл шаруашылығында жетістікке жеткен шаруалар мен жас мамандар бас қосты. Кәсіпкерлер ет, сүт, егін өңдеу технологияларын терең топшылап, тәжірибе алмасты. Жиынды КМF банкі мен «KMF-Демеу» қоры ұйымдастырды.
Қарлығаш Райханова, KMF банкінің басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз агросектордағы азаматтармен 28 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Клиенттеріміздің 35%-ы шаруалар. Олар егін, өсімдік, мал шаруашылығымен айналысады. Сегіз жыл бұрын біздің клиенттер үшін салаға сараптама жасау жетіспейтіні байқалды. Сондықтан талдау жқмыстарын дамыту үшін мұндай форумның маңызы зор. Біз агробизнесте жүрген білікті мамандарды шақырдық. Олар ауыл шаруашылығындағы замануи технологияларға тоқталып, пайдалы кеңестерін айтты.
Қатысушылар атадан қалған кәсіпті қазіргі нарықтыққа бейімдеу жолдарын талқылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына жаңадан келген кәсіпкерлердің басты қателіктеріне талдау жасалды.
Бекзат Төрегелдиев, өсімдік шаруашылығы саласының сарапшысы:
- Бірінші бағытта бұл шаруашылықпен айналысып жүрген адамның өзінің топырақ, климаттық жағдайына сәйкес емес дақыл немесе малмен айналысуы. Яғни қай жақта орналасқансың, сол орналасқан жерге бейімделген егінді ек. Болмаса тура сол аймақта нарыққа ілінетін дақылды ек. Болмаса малмен айналыс дегенді біз ұсыныс ретінде жасап жатырмыз.
Форум аясында сарапшылар ауыл шаруашылығына білікті маман дайындау, кәсіби кадрларға басымдық беру және егіншілікте су үнемдеу технологияларын уақытылы енгізудің маңыздылына тоқталды.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанеова, Досбол Байділдин, Досхан Қораз