Көмір бағасын негізсіз көтерген «Қаражыра» компаниясы жауапқа тартылды

Фото: depositphotos.com

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті «Қаражыра» АҚ-ға қатысты тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеп-тексеру барысында коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме саудасында монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі анықталды. 

Атап айтқанда, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында компания коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сауда нарығында үстем жағдайға ие бола отырып, аталған тауарға монополиялық жоғары баға белгілеп, өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланған. Бұл әрекет бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу.

Тергеп-тексеру материалдары негізінде әкімшілік іс қозғалды. Семей қаласының Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданылған шаралардың жалпы сомасы 87,4 млн теңгені құрады, оның ішінде 52,4 млн теңге көлемінде айыппұл және 35 млн теңге көлеміндегі монополиялық табысты тәркілеу, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Әкімшілік айыппұл ерікті түрде төленді, ал монополиялық табыс толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.

Сондай-ақ, Департамент монополияға қарсы заңнама нормаларын бұзудың салдарын жою туралы нұсқама шығарды, ол «Қаражыра» АҚ тарапынан толық орындалды.