Құрбандық шалудың шарттары мен тәртібі қандай?

Жақында мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамы келеді. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  өкілі оқырман қауымды мазалаған өзекті сұрақтарға жауап беріп, биылғы айттың ерекшеліктері мен шариғат талаптарын түсіндірді деп хабарлайды «24KZ»

Медет Құрмашұлы, ҚР ҚМДБ, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

Ханафи мәзһабы бойынша, құрбан айт күндері құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті , азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға міндет. Шариғат талаптарына сәйкес құрбандыққа шалынатын мал дені сау, мінсіз әрі белгілі жасқа толған болуы шарт. Атап айтқанда, көзі көрмейтін, ақсақ, тым арық, тістерінің көбі жоқ, сондай-ақ құлағы немесе құйрығының үштен бір бөлігінен көбі кесілген мал құрбандыққа жарамсыз болып есептеледі. Қой мен ешкі кемінде бір жасқа, ірі қара екі жасқа толып, үшінші жылға кіргенін, ал түйенің жасы бес жылдан асып, алтыншы жылға кіргенін құрбандыққа шалуға болады. 

Пайғамбарымыз «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: соқырлығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген.Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан бұрын немесе кейін шалуға болмайды. Құрбандықты айттың бірінші күні яғни биыл 27 мамырда айт намазынан кейін бастап, айттың үшінші күні яғни 29 мамыр ақшамға аз уақыт қалғанға дейін шалуға болады.

Онлайн құрбандық шалу қызметі

 Құрбандық шалатын адам құрбандық шалу ісін басқа біреуге тапсыруына болады. Яғни, құрбандық шалатын адам ақшасын жіберіп, малды сатып алуға және оны бауыздауға біреуді өкіл ете алады. Осылайша шараның бәрін құрбандық шалатын адам тапсырыс беру қызметі арқылы жүзеге асыра алады.

Қарыз алып құрбан шалуға бола ма?

 Мұқтаж адамға құрбандық шалу міндетті емес.  Сондықтан оған құрбандық шалу мақсатында қарыз алу талап етілмейді.

 Зекет алуға кімдер құқылы?

Зекет сегіз түрлі адамға беріледі. Олар – кедей-кепшіктер, міскіндер, зекет жинауға көмектесушілер, дінге жаңадан кірушілер, қарызға батқандар, Алла жолында жүргендер, пақыр жолаушылар.

Бір құрбандық малы неше адамның атынан жарамды болады?

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Ал, түйе мен қарамал бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойылуына болады. Бірақ жеті адамнан асып кетуге болмайды. Алайда түйе мен қарамалды құрбандыққа шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Құрбандық шалудағы негізгі міндет - ол бауыздау. Кейін құрбан шалушы еттің барлығын өзіне алуына да болады немесе бәрін садақа етіп жіберуіне де болады. Ең абзалы құрбан шалушы адамдар үштен бір бөлігін  өздері алып, үштен бірін мұқтаждарға садақаға таратып, ал тағы үштен бірін (туыстарына, дос-жарандарына, көрші-қолаңдарына) таратуы абзал іс.