Сырдария үстінде жаңа теміржол көпірі салынып жатыр
Түркістан облысында Дарбаза–Мақтаарал теміржол желісі аясында Сырдария өзені арқылы өтетін ірі теміржол көпірінің құрылысы жүріп жатыр. Ұзындығы 500 метрден асатын нысан жобадағы ең күрделі инженерлік құрылымдардың бірі саналады, деп хабарлайды «24KZ».
Алты аралықтан тұратын металдық көпір күшейтілген конструкциямен салынып жатыр. Екі жағалау аралығы 66 метр болса, қалған төрт аралықтың әрқайсысы 88 метрді құрайды.
Құрылыста терең бұрғыланған берік қадалар қолданылған. Жағалаудағы тіректер 38 метр тереңдікке дейін орнатылса, өзен арнасындағы тіректер 41 метрге дейін қағылған. Бұл көпірдің беріктігі мен ұзақ мерзімге шыдауына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бес аралықтың монтажы толық аяқталған. Енді соңғы 88 метрлік бөлікті орнына қою жұмыстары жүріп жатыр.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ұзындығы 152 шақырым болатын жаңа теміржол бағытының маңызды бөлігіне айналмақ.
Күрделі инженерлік нысанды қазақстандық құрылысшылар өз күшімен салып жатыр.