Қазақстан алыс бағыттарға қатынайтын аэротаксиі бар елге айналуы мүмкін

Алатау қаласында алғаш рет аэротакси сынақтан өтті.

Жобаны 2029 жылға дейін іске қосу жоспарланған. Сәтін салса, Қазақстан Қытайдан кейін ұзақ бағыттарға арналған аэротаксиді іске қосқан елдердің біріне айналуы мүмкін.

Алатауда алғаш рет аэротакси әуеге көтерілді. Сынақ жұмыстары Алматы-Қонаев тасжолының бойындағы ашық алаңда ұйымдастырылды. Дәл осы жерде елдегі алғашқы вертипорт салынып жатыр. Вертипорт — тік бағытта ұшып қонатын әуе аппараттарына арналған арнайы алаң. Таныстырылым кезінде әзірлеушілер AutoFlight компаниясының PROSPERITY моделіндегі электрлі ұшу аппаратын көрсетті. Аэротакси бір пилот пен төрт жолаушыға арналған. Компания өкілдерінің мәліметінше, әуе таксиінің жылдамдығы сағатына 300 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Ол алдын ала белгіленген бағыттар бойынша ұшады.

Келлен Се, Ұшақ және аэротакси шығарушы компанияның вице-президенті:

- Бұл аппарат тікұшаққа қарағанда әлдеқайда тыныш ұшады және оған үлкен әуежай мен ұзын ұшу жолағы қажет емес. Арнайы шағын алаң болса жеткілікті. Соның арқасында қалалар мен түрлі бағыттар арасында әуе қатынасын тез іске қосуға мүмкіндік бар. Қазір мұндай аэротаксилер Қытайдың Шыңжаң өңірінде қолданылып жатыр. Ал Алатау қаласындағы жоба Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып іске асады.

Жоба авторлары алдағы уақытта Алатау, Алматы, Қонаев қалалары мен өңірдегі туристік нысандар арасында әуе маршруттарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бастама Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-тағы серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылады. Қаржыландыруды жеке инвесторлар қамтамасыз етеді. Қалалық әуе мобильдігін дамытуға шамамен 300 миллион доллар инвестиция салу көзделген.

Әлішер Әбдіқадыров, Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры:

- Алатау жаңа индустриялар, озық технологиялар, инвестициялар және заманауи қалалық өмір стандарттарына негізделген дербес экожүйе ретінде құрылып жатыр. Ал Мемлекет басшысы 2026 жылғы 8 мамырда қол қойған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң инновациялық жобаларды іске асыруға, болашақ технологияларын сынақтан өткізуге және халықаралық серіктестерді тартуға ерекше мүмкіндік береді.

Alatau City аумағында тек жолаушы тасымалы емес, жүк дрондары мен төтенше жағдайларда қолданылатын әуе жүйелерін де дамыту жоспарланған. Компания өкілдерінің айтуынша, болашақта ұшу аппараттарының үш түрі шығарылады. Олар жолаушыларға арналған, жүк тасымалдайтын және құтқару жұмыстарына бейімделген модельдер. 

Гүлім Советхан, Аманжол Жөнкешов