Шығыс Қазақстан L-410 ұшағын сатып алды

Бұл әуе көлігі құтқару және санавиация қызметіне қажет. Мамандардың айтуынша, таулы-сулы аймақта бұл техниканың көмегі зор. 

Өйткені әмбебап жеңіл ұшақтың сыйымдылығы жоғары әрі алысқа ұшады. Күн райы қолайсыз кезде де әуеге көтеріле алады. Президенттің шағын авиацияны дамыту туралы тапсырмасына сәйкес облыстың авиациялық паркі кезең-кезеңмен жаңғыртылады. 

Өскеменге жеткен L-410 ұшағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, алаңға кедергісіз қонды. Бұл кезде жолаушылар тасымалдайтын рейстік ұшақ қатты желден қона алмай, кері ұшқан еді. 

Мамандардың айтуынша, әуе техникасының ерекшелігі көп. Ұшақ 6100 метр биіктікте, 2570 шақырым қашықтыққа ұша алады.

Игорь Кармыков, «Қазавиақұтқару» қызметі бас директорының орынбасары:

- Үш тіреулі шасседен тұратын ұшақ қысқа ұшу-қону жолағынан немес автокөлік жолының бір бөлігінен ұша алады. Тіпті бар болғаны 60-та 80 метрлік шағын ғана алаңғайқа қона алады.

«Ең бастысы, санитарлық авиация саласының мүмкіндігі кеңейді», - дейді мамандар.     Өңірде жыл басынан бері санавиация 100 рейс жасап, 87 адамның өмірін құтқарып қалды. 32 рет көкке көтеріліп, өрт сөндіруге қатысты. Борт медициналық модульге де қосыла алады. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл ұшақты әмбебап әуе ұшағы деуге болады. Өйткені эвакуация кезінде мына орындықтарға тұрғындар отыра алады, ал қажет болған жағдайда орындықтарды алып тастап, кәдімгі жүк тасымалдайтын әуе көліге айналады. Үшінші жағдай орындықтарды алып тастаған кезде жарақаттанған немесе науқас адамдарды тасымалдап 4 бірдей зембілді сыйғызуға болады.

19 жолаушы мен 2 мың келіге жуық жүк тасымалдайтын шағын әуе кемесі халықаралық авиация талаптарына сай құрастырылған. Аймақта бұл саланы жетілдіру үшін арнайы авиаотряд та құрылды. Атырау, Шымкент пен Астана қалаларында L-410 ұшағы кеңінен қолданылады. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов