FlyArystan жолаушылардың ақшасын қайтару тәртібін өзгертуі мүмкін
FlyArystan жолаушыларға билет құнын ваучермен қайтару тәжірибесін заңсыз қолданған. Бұған қоса, компанияның келісімшартында тұтынушы құқығын шектейтін талаптар болған. Осыған байланысты Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әуе тасымалдаушысына нұсқама беріп, оның күшін сот арқылы бекітті. Бұл туралы ҚР СИМ Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Билеттен бас тартқан жолаушыға ақшасы толық қайтарылуы керек. Әуе компаниясы тек қызмет көрсетуге байланысты нақты жұмсаған шығынын ғана ұстап қала алады. Қалған қаражатты тұтынушыға қайтаруға міндетті. Бұл талап Азаматтық кодекстің 686-бабында көзделген, деді Еркебұлан Тағашов.
Оның айтуынша, кейбір әуе компаниялары қайтарылмайтын билет түрін ұсынып, жолаушының ақшасын қайтарудан бас тартқан. Ал FlyArystan билет құнын ақшалай емес, ваучер түрінде қайтарған. Оның қолданылу мерзімі шектеулі болғандықтан, уақытында пайдаланылмаса, қаражаттың күші жойылады.
Ваучер емес, ақшаны тікелей қайтару міндетті. Біз осы талаптың орындалуын көздеп отырмыз. Тұтынушының қаражаты компанияда негізсіз қалып қоймауы керек, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ ол FlyArystan компаниясына қатысты тексеру жолаушының шағымынан кейін басталғанын айтты. Департамент әуе тасымалдаушыларының ішкі ережелерін өз бетінше тексере алмайды. Ол үшін тұтынушыдан арыз түсуі қажет.
Ал домбыраны ұшаққа алып кіруге қатысты дау бойынша департамент басшысы бұл мәселе де жолаушылар құқығына қатысты екенін атап өтті. Алайда домбыраны қол жүгіне орналастыру кезінде оның бүліну қаупі бар екенін ескерген жөн. Бұл мәселе әуе компанияларымен бірлесіп қарастырылуы мүмкін.