Жетісу облысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіргендер анықталды

Фото: polisia.kz

Жыл басынан бері Жетісу облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы инертті материалдарды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 30 дерегін анықтады, деп хабарлайды «24KZ». 

Полицейлер өңір аумағында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, жүк автокөліктерін тексеруде. Нәтижесінде құм, қиыршық тас және өзге де инертті материалдарды тиісті рұқсат құжаттарынсыз заңсыз өндіру мен тасымалдау фактілері анықталды. 

Мамандардың айтуынша, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Мұндай әрекеттер экожүйенің бұзылуына, жердің тозуына және табиғи тепе-теңдіктің өзгеруіне әсер етеді. 

Полиция азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтауға және пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері белгілі болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.