Жетісу облысында жылыту маусымына дайындық басталды

Биыл Талдықорғанда газ турбиналы станция салынып, жаңа қазандық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 80 шақырымдық жылу құбырының  тозығы жеткен бөлігі ауыстырылады.

Айта кетейік, облыс орталығындағы жылу жүйесінің 60 пайыздан астамы ескірген деп есептеледі. 

Талдықорғанның оңтүстік батыс ықшам ауданында жаңа қазандық салынып жатыр. Стратегиялық нысан бірқатар әлеуметтік маңызды мәселені шешуге ықпал етеді. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қазандық ғимаратының жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метр. Құрылысы былтыр басталған. Бүгінгі күнге дейін тиісті жұмыстардың 75 пайызы аяқталған. Қазан айында іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезде Талдықорғанның үш ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар осы қазандық арқылы жылытылатын болады. 

Қазандық көмір немесе сұйық отынмен емес табиғи газбен жылытылады. Сондықтан қаланың экологиясына айтарлықтай зиян келтірмейді. 

Алексей Календарев, мердігер мекеме өкілі:

- Қаладағы басқа қазандықтарға қарағанда заманауи технологиямен жабдықталған. Пештері Ресейден, ал су сорғысы Германиядан жеткізіліп орнатылды. Суды  химиялық өңдеуден өткізетін жеке құрылғысы болады.  

Жаңа нысанда сағатына 49 гигакалорий жылу өндіріледі. Сол арқылы қаладағы ең үлкен әрі толық қуатымен жұмыс істеген Басқуат қазандығына түсетін жүктеме жеңілдетіледі. 

Айдос Бекетаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Сонымен қатар бізде жеке инвестиция бойынша газо трубинно станция салынып жатыр. 84 мегават электр қуатын береді. 70 гегакалорий сағатына береді. Осы екеуін іске асырған кезде ең ірі Басқуат қазандығы 60-70 пайызға дейін жүктемесі босайды деп есептеп отырмыз. 

Былтыр «Басқуат» қазандығындағы екі пеш жаңартылса, қалған екеуі осы жазда жөнделеді. Одан бөлек, ұлттық жоба аясында жылу жүйесінің 5 шақырымдық магистралді құбыры ауыстырылады. Қазір тиісті жұмыстар Ілияс Жансүгіров көшесінде жүргізіліп жатыр. 

Сырым Ысмағұлов, мердігер мекеме өкілі:

- Құрылысқа 56 адам жұмылдырылып, 18 техника тартылды. Кестеге сай жүргізіліп келеді. Жолдың осы бөлігі аяқталуға жақын. Алдағы уақытта тағы 30 адамды жұмысқа қабылдап, қарқынын арттырамыз. 

Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына дайындыққа 38 млрд теңге бөлініп отыр. Қолға алынған жұмыстар қара күзге дейін аяқталуы тиіс.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов