Амнистия туралы заң жобасы: айыппұл кешірілуі мүмкін
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты амнистия туралы заң жобаларының пакетін жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».
Депутат Снежанна Имашева аталған заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленгенін еске салды.
Оның айтуынша, құжаттар аясында қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстар үшін, егер келтірілген залал болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босату ұсынылады. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша келтірілген шығын толық өтелген жағдайда жаза мерзімін қысқарту көзделген.
Кейін Мәжіліс кулуарында депутат заң жобасы аясында әкімшілік амнистия жүргізу де жоспарланып отырғанын айтты.
«Айыппұлдардың нақты санын айта алмаймын, бірақ жалпы сомасы бірнеше миллиард теңгені құрайды. Негізінен бұл – ішкі істер органдары салған айыппұлдар. Шамамен 90 пайызы ІІМ салатын айыппұлдар. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты», – деді Снежанна Имашева.