Қазақстандықтардың 22 млрд теңге айыппұлы кешірілді

Елде 1,3 миллионнан астам адамның айыппұлы кешірілді.

Әкімшілік рақымшылық туралы заңның шапағатын 590 мың азамат көрді. Осылайша тәртіп бұзғандардың айыбы, қарызға батқандардың берешегі кешірілді. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш  әкімшілік амнистияның шапағатын кімдер көрді? Сарапшылардың пікір-пайымы қандай?

Мемлекеттің мейіріміділігін көргендердің бірі Дарын Шадиярұлы. 26 жастағы жүргізуші жол бойындағы камералардың көзіне түсіп, бір мезетте оннан астам айыппұл арқалаған. 300 мың теңгеге жуықтаған қарызынан құтыла алмай, шоттары бұғатталады. Тірлігі тұралап, берешегіне басы қатып жүргенде кенет хабарлама келеді.

Дарын Шадиярұлы, Тараз қаласының тұрғыны:

- Маған 1414-тен  сообщение келді. Құрметті Дарын Шадиярұлы, сіздің осындай пртокол бойынша, осындай іс бойынша штрафыңыз алынып, амнистияға өтті, толығырақ қарап көрсеңіз болады деп. Түгелдей кешірілді почти, тек біреуі қалды. Кешірілген сумма примерно 270 мың теңге көлемінде штраф болды. 

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы, тіпті ТМД елдері арасында тұңғыш жарияланған әкімшілік амнистияның шапағатын елдегі 590 мың азамат көрді. Нәтижесінде отандастарымыздың 1,3 миллионнан астам айыппұлы өшіріліп, 22 миллиард теңге қарызы кешірілді. Ал қоғамға қауіп төндіргендер мен жемқорлық жасағандар бұл ізігілікке ілікпейді. 

Мұрат Қабденов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Рақымшылық – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Жауапкершілікке тартылмаудың ең дұрыс жолы құқық бұзбау. 

Әкімшілік амнистия ел экономискасына аса салмақ салмауы мүмкін. Бірақ бұдан қауіптісі мемлекет мейірімділік танытады екен деп масылдыққа малданғандарды көбейтіп алу дейді мамандар. 

Айбар Олжай, экономист:

- Тұрақты өтетініне адамдар үйренбеу керек. Өйткені экономикаға оның үлкен салдары болады кейін. Кейбір адамдар амнистия болады кейін деп белгілі бір ойдың жетегінде болса олар қайтарымсыз кредитттерді ала беретін болады. Оны төлеудің қажеті жоқ, мемлекет өзі жауып тастайды деген сияқты. Сондықтан бұл өте қауіпті. Өте сақтықпен қабылданатын шара деп есептеу керек. Мемлекет мұнымен көп ойнамауы керек. Бұл өте қауіпті ойыншық. 

 Әкімшілік амнистиядан бөлек еліміз егемендік алғалы 14 мәрте рақымшылық жариялады. Темір торға тоғытылғандардың түзелуіне берілген биылғы мүмкіндікке 15 мыңнан аса сотталушы ілікті. Тек суық қару сатумен айналысқандар мен елді есірткіге еліткендерге, адам өлтіруі сынды аса ауыр қылмысқа барғандарға кешірім жоқ.

Шерхан Абзалұлы