Бастауышпен ерекше қоштасу: Трендтегі би және лимузин мінген балалар

Кеше еліміздің түкпір-түкпірінде төртінші сынып оқушылары бастауыш сыныппен қоштасып, орта буынға қадам басты. Көптеген мектептерде бұл күн дәстүрлі форматта, яғни ресми жиындар мен салтанатты концерттермен атап өтілді. Оқушылар ұстаздарына алғыс айтып, өлең оқып, ән шырқады. Алайда, биылғы түлектердің арасында ерекше көзге түсіп, көпшілікті тәнті еткендері де аз емес.

Кейбір мектептердің оқушылары мен ата-аналары бірсарынды ресми киімнен бас тартып, айрықша стильдегі киім үлгілерін таңдаған. Заманауи трендтер мен ұлттық нақышты ұштастырған сыныптар кештің сәнін келтірді. Олардың бұл қадамы қоштасу кешін жай ғана жиын емес, нағыз мерекелік шоуға айналдырды.

@as_stylealmaty

Пікір қалдырушылардың басым бөлігі мұндай қадамды «бала жастан ысырапшылдыққа үйрету» және «ата-аналардың арасындағы бәсекелестік» деп бағалап, өз наразылықтарын жаудырды.

Өзі 2-3 ата-ана болады, осылай істейік деп бастайтын. Сосын қалған ата-ана ұялғандарынан келіседі. Лимузиннің не керегі бар? Түбіне үңілсек, мынаның артында қанша ұрыс, қанша ақша, қанша еңбек жатыр? Заң жүзінде тыйым салу керек. Біреудің қалтасы көтереді, біреудікі көтермейді. Асыра сілтеуді қою керек!

Тойдың заманын азайтып, ойдың заманын бастау керек. Бізге қазір лимузин емес, білім, инновация және технология маңызды

Бастауышпен қоштасу осылай өтсе, 11-ші сыныпты бітіргенде тікұшақпен  келеді ғой енді... Ысырапшылдықты балаларға қазірден бастап үйретіп жатырмыз ба?

Биылғы бастауыш сынып түлектерінің басты ерекшелігі – олардың еркіндігі мен креативтілігінде. Әлеуметтік желілерде, оқушылардың өз ұстаздарымен бірге емін-еркін, заманауи трендтегі билерді билеген видеолары жарыса жарияланып жатыр.

Қоғамның ықыласы ерекше. Желі қолданушылары мектеп қабырғасындағы мұндай еркіндік пен мұғалім мен оқушы арасындағы шынайы, жылы қарым-қатынасқа дән риза.

@zhuldyz_4star  https://www.instagram.com/reel/DYhPnU3In8e/

Видеолардың астына жазылған мыңдаған пікірлердің ішінен халықтың қолдауын анық көруге болады:

Қандай керемет, біздің уақытымызда мұғалімнен сескеніп тұрушы едік, қазіргі балалар еркін әрі бақытты!

Ұстаздың шәкірттерімен бір толқында болғаны ғажап екен. Нағыз заманауи мұғалім!

Балалардың көзінен бақыт ұшқыны көрініп тұр, жолдарың болсын, кішкентай түлектер!

Оқу-ағарту министрлігінің 2025–2026 оқу жылының аяқталуына байланысты жариялаған ресми мәлімдемесінде биыл еліміз бойынша оқу жылын нақты 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайтыны көрсетілген.Оның ішінде, алғашқы білім белесін бағындырып, бастауыш сыныппен ресми түрде қоштасқан төртінші сынып оқушыларының саны шамамен 360 мыңнан асады. Дәл осы жүздеген мың жеткіншек биыл мектеп өмірінің жаңа, ересек кезеңіне - бесінші сыныпқа жолдама алды.