«Зерделі ұлт»: Келешек мектептерінде «12 айда 12 кітап» жобасы басталады
Алдағы оқу жылынан бастап Келешек мектептерінде «12 айда 12 кітап» жобасы жүзеге асырылады, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту және «Зерделі ұлт» қалыптастыру жолындағы маңызды бастамалар жалғасуда. Аталған жоба Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру аясында қолға алынды.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар мен педагогтердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және кітап оқитын ұлт тәрбиелеу.
Бұл бастамаға тек оқушылар ғана емес, мектеп ұстаздары да белсенді түрде қатысады. Осы арқылы мектептерде біртұтас оқу мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр.
Қазір педагогтер мен оқушылардың ұсыныстары негізінде кітаптар тізімі жасақталуда. Арнайы сауалнама жүргізіліп, қатысушылардың қызығушылықтары мен сұраныстары ескеріледі. Нәтижесінде педагогтер үшін кәсіби дамуға арналған заманауи әдебиеттер, ал оқушылар үшін тұлғалық даму мен дүниетанымды кеңейтетін отандық және шетелдік шығармалар іріктелді.
Сонымен қатар, жоба қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушылар арасынан «Үздік оқырмандар» анықталып, марапатталатын болады.