«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында 857 мыңнан аса кітап оқылды

857 мың кітап. «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталғалы қатысушылардың белсенділігі қыза түскен. Үш айға жуық уақытта 857 мыңнан аса кітап оқылды. 

Қасым Ернатұлы – «Кітап оқитын ұлттың» кішкентай өкілі. Өреннің ермегі көп. Тоғызқұмалақ ойнайды. Тіл үйренуге әуес. Ал есте сақтау және іздену қабілетін кітап оқып шыңдаған. Тіпті жеке кітапханасы бар. 

Қасым Ернатұлы, Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназия оқушысы:

- Міне, менің ең сүйікті кітабым – «Әке мен бала». Менің әкем осы кітапқа қызығушылығымды арттырып берген. Әкем менің жақсы адам, осы бүкілін істеп берген, бүкіл 110 кітапты алып келген әкем. Осы әкеме рахмет айтамын.

Таңдайы тақылдап тұрған баланың маңдайында бағы бары анық. Оған ата-анасының қолдауы ғана емес, әжесінің ақ батасы да себеп. Берекелі отбасы «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып жатыр. Күнде кеште бас қосып, жүйе жүктеген еңбекті оқиды.

Отағасы Ернат Рахметолла – журналист, ұлт жанашыры. Ол «Отан – отбасынан  басталатынын» жақсы біледі. Сондықтан ұрпағының рухани әлемін байытуға, танымдық қасиетін дамытуға мән береді. Бұл үшін телефонға телмірмейтін, кітапқұмар бала тәрбиелеу маңызды дейді.

Ернат Рахметолла, «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушы:

- Біз негізі бұл марафон басталмай жатып, осы оқырман отбасы ретінде біз қалыптасқанбыз. Ешқандай байқаусыз, ешқандай жүлдесіз, өзіміз осы кітап оқудың пайдасын біліп, отбасымызда негізі дәстүрге айналдырғанбыз. Бірақ биыл осы Президенттің Жарлығымен «Зерделі ұлт» деген жоба басталған кезде, іздегенге сұраған деп біз қуандық. Енді біздің алдымызда осы кітап арқылы насихаттау, сосын отбасымызды одан сайын біріктіру тұр.

Әулеттің ошағын сөндірмей отырған Оңласын апа 80-ге келді. Балаларын еркелетуді ұмытпайды, кейде өзі де еркелеп алады. Мұның өзі өнеге.

Оңласын Өмірзақова, зейнеткер:

- Келінім де енді осы заманның жасы. Сондықтан мен оқы десем, ол оқиды. Сонда ол да жаңағы кітапқа үйренеді ғой, сол менен үлгі алып отыр. Жаңа үйреніп, ары қарай ол өзінің баласын үйретеді. Сол үлгі семьяда жаңағы кітап оқу дәстүрге айналады.

Бұл отбасы марафондағы «Кітап оқитын әулет» бағытын таңдаған. Ұлтты ұйыстырған рухани науқанға 1 жарым млн-ға тарта қатысушы ат салысып жатыр.

Аян Сакошев, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- 8 негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Оның ішінде жаңағы айтқандай, жарты жыл ішінде әрбір қатысушы 15 кітаптан оқу керек. Енді негізі бұл марафонның идеясы – Мемлекет Басшысының бастамасы аясында еліміздегі азаматтардың арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Кітап оқитын ұлттың көзі ашық болады. Жасампаздыққа ұмтылады. Бұл оқырмандардың ортақ пікірі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев, Медет Қуанышбеков

Сондай-ақ оқыңыз: