Алматыда бизнес нысандарынан шығатын зиянды қалдықтарға бақылау күшейтілді
Алматыда шағын және орта бизнес нысандарының атмосфералық ауаға бөлетін зиянды шығарындыларына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды «24KZ».
«Eco Almaty» ЖШС өкілдерінің айтуынша, кәуапханалар, монша кешендері, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу орындары, дөңгелек жөндеу орындары мен экологияға әсер етуі мүмкін өзге де нысандар күнделікті бақылауға алынды.
Мамыр айында табиғатты қорғау қызметінің мамандары 287 нысанды тексерген. Бақылау барысында шығарындылар көздері, сүзгі және газ тазарту жүйелерінің болуы, сондай-ақ санитарлық және экологиялық талаптардың сақталуы назарға алынған.
Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарына ерекше көңіл бөлінген. Тексерілген 160 мекеменің 11-інде сүзгі орнатылған, 7 нысан электрмангал қолданады, ал тағы 3-еуі газ жүйесіне қосылған. Қалған кәсіпорындарда тазарту құрылғыларын орнату жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Тексеру жұмыстарымен қатар кәсіпкерлерге атмосфералық ауаны қорғау талаптары мен қоршаған ортаға келетін зиянды азайту жолдары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.