Alatau City: ақылды қаланың болашағы
Халықаралық компаниялар Алатауға 2 трлн теңгеден астам инвестиция салады. Қалада ауқымды инвестициялық пул қалыптастыру жұмысы қарқын алды.
51 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 53 жоба бар. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған жауаптылар атқарылуы тиіс жұмыс жайын баяндады. Болашақтың қаласын салу үшін тағы қандай бастамалар қолға алынды?
Алматы облысында жаһанды аузына қаратар жаңа қала бой көтереді деп сүйіншілеткелі қашан.
Ауқымды іс барысын үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев таныстырды. Ақпары да, айтары да салмақты. Санмен сөйлетсек, 2 трлн теңгеден аса қаржы тартылады. 51 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр. 53 жоба жасалады. Сингапур тәжірибесіне сүйеніп, қаланың бас жоспары сынды стратегиялық құжаттары 30 жылға дейінгі ұзақ мерзімге қабылдау жоспарланған. Демек маңызды тұжырымдамаларға өзгерістер 5-10 жылда кемі бір реттен жиі енгізілмейді. Мұндай тәсіл инвесторлар үшін тиімді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылған болатын. Сарапшылармен бірлесіп, арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту дамыту бойынша әлемдік тәжірибе зерттелді. Халықаралық сараптама көрсеткендей, қалаға тек мәртебе беру тиімсіз.
Қаланы салу барысында ғимарат құрылысына қойылатын сейсмикалық талаптар мен жауапкершілік артады. Ол үшін арнайы норма қабылданып, қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауға алынбақ. Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылып отыр. Жеке қаржы моделі болады. Арнайы басқару тәртібі енгізіледі. Ал оның бюджеті негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады.
Әлішер Әбдіқадыров, Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры:
- Қаланың негізгі даму бағытын үкімет басшысы басқаратын кеңес айқындайды. Кеңес негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды. Сонымен қатар нормативтік-құқықтық актілерді бекітеді. Бұл ретте Алатау қаласының мәслихаты мен әкімдігі.
Жас қаланың жаңалығы көп болмақ. Алатау аспанында әуетакси ұшады. Күні кеше жаңа қызмет түрі сынақтан өтті.
Электр қуатымен жұмыс істейтін құрылғы көлік кептелісін азайтуға, туристік нысандарға жылдам жетуге мүмкіндік береді. Мұндай сынақ Орта Азияда бірінші рет өткізіліп тұр. Сағатына 200 шақырымды еңсере алады. Қуаты да 200 шақырымға шақталған.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Қазір ұшатын бағыттар, желдің әсері нақтыланып жатыр. Жыл бойы техникалар ұшады, оларды сынақтан өткіземіз. Өйткені маршруттар өте көп. Алатаудан Алматы әуежайы мен вокзалына, Қонаевқа, Қапшағай су қоймасына бағыттар қарастырылып жатыр. Бұл маршруттар тау кластерімен байланысты. Сондықтан жылдың 4 маусымында қандай биіктікте ұшу керек екені нақты анықталуы тиіс. Аэромагнитті аймақтар мен жоғарывольтты сызықтар да ескеріледі. Өйткені мұның бәрі азаматтардың қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі.
Алатау – болашақтың қаласы. Қысқасы, Сәулеті мен салтанаты жарасқан, технология мен тіршілік үндескен жаңа қала елдің келешек келбетін айшықтай түспек.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Ержан Қанапияұлы