Үкімет басшысы Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарын аралады

Ел Премьер-министрі Олжас Бектенов Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Үкімет басшысы өңірдегі ірі өндіріс орындарын аралап, тау-кен және металлургия кешендерінің жұмысын көрді, деп хабарлайды 24KZ.

Сондай-ақ Хромтау ауданындағы «Болашақ» шахтасында болып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды тексерді.

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында өнеркәсіпті дамыту және өндірістік әлеуетті нығайту – еліміздің дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған болатын. Бұл орайда «Ақтөбе мыс компаниясы» зауыт ашылғалы өндірісті дамытуға 407 млрд теңге инвестиция құйған. Кәсіпорын қазіргі таңда жылына 5 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы. Мұнда 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Айнұр Бижанова, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас кен байытушысы:

- Ақтөбе мыс компаниясында үш ай бұрын цифрлық көмекші біздің флотаторларымыз және машинист мамандықтарынмызға ыңғайлы ету үшін көмек ретінде цифрлық көмекші енгіздік. Бұл – цифрлық көмекшінің негізгі атқаратын рөлі және адамдарға неғұрлым жұмысын оңайлату.

Премьер-министр өндірістік тәуекелдердің алдын алу, қол еңбегінің үлесін азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологияларға иек артудың маңыздылығына назар аударды. Үкімет басшысы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасына барып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шараларын тексерді. Мұнда тереңдігі бір шақырымнан асатын Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны орналасқан. Кеніш жылына 7 млн тоннадан астам кен өндіруге қауқарлы. Жобаны жүзеге асыруға салынған инвестиция шамамен 1 трлн теңгеге бағаланады. Премьер-министр кәсіпорындарды одан әрі технологиялық жаңғырту мен минералдық шикізатты өңдеуді тереңдетуді тапсырды.

Ержан Абдулабеков, «Қазхром» ТҰК АҚ бас директоры:

– Хром кендері толығымен Қазақстанда өңделеді. Бүгінде бірде-бір тонна хром кені сыртқа шығарылмайды. Толығымен металлға өңделеді. Ал металл феррохром дүниежүзінің көптеген елдеріне, соның ішінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа, Қытай елдері сияқты жан-жаққа жөнелтеміз.

Ақтөбе облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 1 трлн теңгеден асып, 8,2%-ға өсті. Өңірде энергетика, машина жасау, тамақ өнеркәсібі салаларында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» кәсіпорынды дамытуға 7,4 млрд теңге инвестициялаған.

Дәурен Аубекеров, «Қазақстандық мұнай жабдығы зауыты» ЖШС бас инженері:

– Мұнай компрессор құбырларын өндіреміз. Оның ішінде 60, 73, 89 миллиметрлік. Көбіне біздің Қазақстанда, батыс өңірде қолданылатын стандарттарға сай өндіреміз. Және де мұнай газ ұңғымаларын оқшаулайтын оқшаулау құбырлары бар. Олардың да өзінің стандарттары бар. Сол халықаралық және Қазақстанның стандарты бойынша сол өндірісті атқарамыз.

Өндіріс орны орта және жоғары қысымды клапандар мен ысырмалар шығаратын төртінші цех салуды көздейді. Жоба құны – 700 млн теңге. Ол жоспарға сай келер жылы іске қосылуы тиіс. Ал қой жүнін өңдеп, түрлі жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдарын өндіретін зауыт құрылысына 5,3 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Кәсіпорын жылына 3 600 тонна шикізат өңдеп, 2 200 тонна дайын өнім шығарады. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысқан Үкімет басшысы шикізатты қайта өңдеуді тереңдетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев

Сондай-ақ оқыңыз: