Кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті
Мемлекет өнерпаздарды қолдауды жалғастырады. Бүгін Президент мәдениет майталмандарын Ақордаға жинап осылай деді. Жиында бірқатар азаматты марапаттап, орден тақты.
Бекзат Аманов, тілші:
- Бұл − халқымыздың мәдени мұрасы мен рухани құндылығын дәріптеп жүрген жандар. Ұлттық өнерден бастап, заманауи креативтік индустрия өкілдеріне дейін осында отыр. Президент сөз басында оларды кәсіби мерекесімен құттықтап, саланы қолдау – мемлекеттің Конституциялық міндеті деді. Әрі бұл мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі. Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.
Әсіресе дәстүрлі өнерді дамытуға ерекше мән берілмек. Президент: «Жыр, терме мен күйді қолдауды күшейтемін», - деді. Осы орайда, «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мұны мәдениет өкілдері жылы қабылдады. Атақты домбырашы Татьяна Бурмистрова бұл шешімге алғысын жеткізді. Айта кетейік, осы отырыста ол «Отан» орденімен марапатталды.
Татьяна Бурмистрова, әнші, домбырашы:
- Президенттің айтуынша, төл мәдениетіміз дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзін кино саласының жетістіктері растай алады. Отырысқа «Ауру» фильмінің басты кейіпкерін сомдаған Аян Өтепберген қатысты. Оның айтуынша, туынды әлемді мойындатып жатыр.
Аян Өтепберген, актер:
- «Ауру» фильмімінен «Роттердам» фестиваліне қатысып, қазақстандық туындыны әлемдік прокатқа жол тапқан болатын. Өзіміздің болмысымызды, менталитетімізді, ерекшелігімзді көрсету.
Президент: «Қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау керек», - деді. Өткен аптада осы бағытқа қатысты арнайы Жарлыққа қол қойылды. Маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке берген тапсырмасын мәдениет майталмандарының көзінше тағы бір қайталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады.
Әрине, мәдениет өкілдерімен бас қосқан соң, қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде де сөз болды. Мемлекет басшысы елде вандализм жиілегеніне алаңдаушылық білдіріп, қоғамды заңсыз әрекеттерге үзілді кесілді қарсы тұруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек.
Ал енді марапаттауға бөлек тоқталайық. Халқының ерке қызы атанған күміс көмей әнші Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Қазақстанның халық әртісі «бұл күтпеген мезірет» болды деп, алғысын жеткізді.
Мақпал Жүнісова, әнші, Қазақстанның халық әртісі:
- Мен Ақордаға бірінші рет аяқ басып тұрмын, өмірі болмаған жерім. 99 жылы премия алғаннан кейін атақ алмағанмын. Өзіміз таңғалып қалдық. Ең биік марапат – халықтың кошеметі, халық биік тұрады. Ал ескеріп жатқаны өте тамаша! Кішкене сүйеп, тіреп жіберу ғой.
Театр һәм кино бағытында тыңнан түрен салып жүрген әртістің бірі – Асан Мәжит. Жаңа бағытты сынап, ерекше туындыдан тайынбайтын команданың мүшесі бүгін Құрмет орденін иеленді.
Оның айтуынша, марапат жауапкершілікке жүк қосып, алдағы жұмысқа жігер береді.
Асан Мәжит, актер:
- Ақордада Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алу екі есе мәртебе. Қандай сезімде болар екенмін дедім. Не аларымды білген жоқпын, бірақ алғаннан кейін жауапкершіліктің еселене түскенін байқадым. Демек тоқтамай әрі қарай жұмыс істейміз.
Ал Қазақстанның халық әртісін атағын алған Азат Сейітметов ішкі толғанысын жасырмады. Бұл жаңалықты отбасы мүшелері әлі білмейтінін айтып, орайлы сәтте сүйінші жаңалықты біздің арна арқылы жеткізді.
Азат Сейітметов, актер:
- Биыл 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады. 2024 жылдан бастап 200 маманға пәтер берілді. Президент: «Бұл игі үрдіс міндетті түрде жалғасады», - деді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев, Ділмұрат Сейжаханов