Ақтөбе облысында балаларды оңалту орталығы салынады

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында мүгедек балаларды оңалту орталығы салынады. 

Жоба авторы – «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазина. Жаңа нысан – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін үлкен қолдау болмақ.

Дүниеге келген шақалақтың денсаулығында кінәрат барын ерте анықтап, дер кезінде ем-дом жасайтын кәсіби оңалту орталығы елімізде бұрын болмаған. Балабақша қағидатымен жұмыс істейтін жаңа жоба бұл олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Орталық мамандары қатаң іріктеуден өтіп, одан әрі шетелде біліктілігін арттыратын болады.

Бибігүл Иманғазина, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті:

- Бұл бала туған күнінен бастап, маған профессорлар айтқан, сол күннен бастаса бес жасқа келгенде арасына күн салмай, мына пианисткалар айналысады ғой сол сияқты айналысса, бес жасқа келгенде ол бала ол жерден білім алады, емделеді. Балалардың біреуі пианинода ойнай алады, біреуі музыка тыңдай алады, біреуі сурет сала алады. Сондай жағдайға жеткізетін жоба. Таңертең алып келіп, кешке алып кетеді. Реабилитолог қай баланың бойында қандай өзгеріс болып жатыр сол ғана көреді. Орталықта негізгі он маман жұмыс істеу керек.

Жоба авторы мен облыс әкімі қатысқан жиында жаңа орталықтың орны бекітілді. Құны 1 млрд 500 млн теңге болатын жобаның құрылысы биыл басталып, бір жарым жыл ішінде аяқталуы тиіс. Заманауи медициналық және әлеуметтік нысан Шалқар ауданымен қатар облыстың өзге өңірлеріне де қызмет етеді.

Нұрбек Исбусинов, Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Өзімізге көршілес Мұғалжар ауданында есепте тұрған сексенге жуық мүгедек бала бар екен, қосымша мына Ырғыз ауданынан балалар да келіп оңалтудан өтеді деген үлкен жоспарымыз бар. Ол бірден бір көмегін тигізеді.

Оңалту орталығы – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін үлкен қолдау. Қазір Ақтөбе облысында 32 мыңнан астам мүгедек болса, олардың 5600-і кәмелетке жасына толмаған жандар. Сондықтан өңірде соңғы жылдары түрлі бейімдеу орталықтары ашылып жатыр.

Ләззат Оразбаева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Қазір Темір ауданында алты ауданға, оның ішінде Ойыл, Қобда, Темір, Мұғалжар, Алға аудандарына арналған «Айнала» деп аталатын орталық 1 маусымнан бастап ашылады. Бұл жерде де жалпы балаға аутизм, ДЦП, сол сияқты ойлау қабілетінің кішкене кемістігі бар балаларды қабылдай алады. 

Елімізге танымал «Бибі-Ана» қоры көпбалалы аналарға, балаларға және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар 500-ден астам мектеп түлегінің жоғары білім алуына жағдай жасаған. Бұл жолы өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға атсалысады. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов