Ақтауда теңіз академиясының жаңа ғимараты ашылды
Ақтауда теңіз академиясының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жоғары оқу орны озық үлгідегі оқу тренажерлерімен жабдықталған.
Теңіз академиясы қазақстандық теңіз айлақтары, кеме қатынасы және логистикасы саласына білікті кадрлар даярлайды. Елде әзірге баламасы жоқ жоба Мемлекет басшысының ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында көтерген тапсырмасына сай жүзеге асты.
Болашақ теңізшілер нағыз кеме ішін айна-қатесіз қайталайтын тренажерлерде жаттығады. Оқу симуляторлары арқылы олар 300-ден астам су көлігінің машина бөлімі, навигациялық және борттағы инженерлік желілермен жетік танысады. Мультимедиялық модульдерді еркін басқара білетін студенттердің академияны «Теңіз кемесінің капитаны» мамандығы бойынша аяқтауға мүмкіндігі бар.
Нұрдәулет Мейрамбекұлы, студент:
- Кез келген «тренажерда» біз емін-еркін жаттығу жасай аламыз және сол арқылы нағыз кемеге дайын болып барамыз. Әзербайжанның Баку қаласында теңіз саласы бойынша 2 ай оқуға мүмкіншілік бар. Яғни біздің бір уақытта 2 университеттің дипломын алып шығуға мүмкіндігіміз бар.
Теңіз академиясында 6 бакалавр және 4 магистратуралық білім бағдарламасы бойынша 350 студент оқып жатыр. Кеме жүргізу, теңіз техникасы мен технологиялары, су көлігін жасау бағыттары бойынша оқу бітірген түлектер отандық сауда әрі әскери теңіз құрылымдарының құрамын толықтырады.
Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- 2018 жылы осында Каспий теңізі маңы мемлекеттер басшыларының қатысуы кезінде теңіз академиясын құру туралы шешім қабылданған болатын. Сапалы маман дайындау үшін бізге жақсы ғимарат, жақсы инфрақұрылым болуы шарт болды. Ғимарат ішіндегі зертханалық құрал-жабдықтардың барлығы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Ғылымды қаржыландыру» бағдарламасы аясында қаржыландырылды.
Ақтау - Қазақстанның стратегиялық теңіз қақпасы. Қазір Маңғыстау облысында отыздан астам кеме қатынасы компаниясы шоғырланған. Бұл мекемелерде жалпы саны 2 мыңдай адам жұмыс істейді. Демек, кадрлық резервті қалыптастыру мәселесі әлі де өзекті. Осы тұрғыдан Ақтаудағы академия еліміздің теңіз әлеуетін көтеріп қана қоймай, Еуропа мен Азия арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын тұрақты дамытуға серпін бермек.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев