Ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы
Павлодар облысының ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшы. Алдағы екі жылда өңірде 32 инвестициялық жобаның жүзеге асатынын ескерсек, білікті мамандарға сұраныс тіпті артады.
Енді мыңнан астам жұмыс орны ашылАды деген жоспар бар. Әрі шаруашылықтар қазір цифрлық техникаларды қолдана бастады. Бірақ оның тілін білетін жастардың ауылға барғысы жоқ. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында жеті мыңдай кәсіпорын бар. Жергілікті шаруалар мал басын көбейтіп, егін егумен айналысады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, экспортқа шығарып отырғандары бар. Алайда кәсіпті кеңейтуге кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр.
Әсет Байманқұлов, облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Павлодар облысында ауыл шаруашылық саласында жұмыс орнының тапшылығы бар деп айтуға болады. Атап айтқанда, олар жұмысшы мамандықтар бойынша тракторист, машинист, операторлар және агрономдар арасында және басқа да жұмысшы мамандықтар бойынша тапшылық бар.
Қара жұмысқа адам табылғанымен, техниканың тілін білетін кәсіби маман аз, - дейді жұмыс берушілер. Кей қожалықта электронды бақташы жүйесі орнатылып жатыр. Жылқышының өзі көлікпен жүреді. Жалақысы да жақсы төленеді. Бірақ жастардың бұл кәсіпке қызығушылығы аз.
Ермек Жәкетаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Айлықтарын 700 мыңға дейін қоямыз. Бірақ та дұрыс маман болмай тұр. Біздің техникалық паркіміз ұлғайып жатыр. Жаңа техника алып жатырмыз. Жаңа косилкалар алып жатырмыз, жаңа комбайндар алдық. Сосын жаңа тракторлар алдық. Олардың бәріне дұрыс мамандар керек. Жаңа техника ғой, бұрынғы техника емес, джойстикпен жұмыс істейді, компьтері бар.
Яғни цифрлық техниканы басқаратын білікті мамандар керек. Кейбір кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшысын қайта даярлықтан өткізіп, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік жасаған. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы саласына кадр даярлайтын сегіз колледж бар. Мысалы, жоғары инновациялық аграрлық колледжін жыл сайын төрт жүзге жуық түлек бітіріп шығады. Ветеринар, агроном, зоотехник және механизаторлардың 90 пайызы жұмысқа орналасады. Көбі ауылда емес, қаладағы кәсіпорындарға орналасуға тырысады.
Әсел Көпеева, Жоғары инновациялық аграрлық колледж директорының м.а:
- Біз шәкірттерімізді алдымен кәсіби тәжірибеден өту үшін ірі шаруашылық кәсіпорындарына жібереміз. Олар 150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Кейін мамандығы бойынша сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасады.
Нарық сұранысына сай мамандар даярланғанымен, кадр тапшылығы жойылар емес. Жастар ауылда тұрақтап қалуы үшін, әлеуметтік жағдай жасау маңызды -дейді колледж мамандары. Айта кетейік, ауыл-аймаққа маман тарту бойынша мемлекет тарапынан нақты көмек бар. Бірретік көтерме ақы беру, баспанамен қамту сияқты жұмыстар жасалуда. Алайда нақты ауылшаруашылығы саласына жастардың ынтасы әзір төмен болып тұр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков