Halyk Bank 899 жобаға 206 млрд теңге қаржы бөлді

Қазақстанда шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 41 пайызға жетті.

Бүгінде республикадағы әрбір бесінші азамат дәл осы кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Отандық бизнестің бұлайша қанат жаюына Halyk және банктің Даму қорымен бірлескен бағдарламалары үлкен серпін беріп отыр. Мәселен, өткен жылдың ортасынан бастап бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 206 миллиард теңге болатын 900-ге жуық жоба қаржыландырылған. Осындай тиімді серіктестіктің нәтижесінде қазақстандық өнімнің қатары көбейіп, сапасы артты.

Астанада өтіп жатқан Ulttyq Ónim отандық өндірушілердің көрмесінде биыл 600-ден аса кәсіпорын өз өнімін қалың көпшілікке ұсынды. Іс-шара аясында кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетіктері де кеңінен талқыланды. Мәселен, қазір Даму қорының кепілдендіру бағдарламасы арқылы банктер кепіл мүлкі жетіспейтін кәсіпкерлерге де кедергісіз несие бере алады. Айта кетерлігі, бүгінде мұндай қарыздардың тең жартысынан астамын Halyk Bank рәсімдеп отыр.

Ольга Вурос, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары:

- Даму қорының кепілдендіру бағдарламасы банктерге кепілдік сомасының 85 пайызына дейін қабылдауға мүмкіндік береді. Ал кепілдіктің ең жоғары шегі 3,5 миллиард теңге. Егер Halyk Bank қолдаған орташа кепілдік сомасына тоқталсақ, ол 126 миллион теңгені құрайды.

Мемлекеттік қолдау логистика, сауда, құрылыс пен өңдеу өнеркәсібі сынды маңызды салаларды қамтып отыр. Бастысы, бөлінген қаражаттың дені жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды іске қосуға бағытталған.

Жансерік Нысанбаев, кәсіпкер:

- Даму бағдарламасы мен халық банк арқылы жеңілдетілген несие алдық. Біз осы жылдан бастап Ресей мемлекетіне экспортқа шығаруды жолға қойып отырмыз. Өндірісіміз қазір қарқынды жүріп жатыр. Жылына 40 дана қайық шығарып жатырмыз. 5 түрлі моделіміз бар. Тұтынушылардан жақсы баға келді, әрі қарай жарнамаланып Қазақстан бойынша, көбінесе балықшылар осы салада жүрген туризм саласында жүргендер көптеп тапсырыс бере бастады.

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек Halyk Bank өз қаражаты есебінен де кәсіпкерлерді белсенді қолдап келеді. Мәселен, "Үміт" бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған әйел кәсіпкерлер мен стартаперлерге жеңілдетілген несие бөлініп, олар үшін арнайы оқыту курстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Наргиз Бекмағанбетова, Артур Горшняков, Дильмурат Сейдаханов