Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өтіп жатыр

Павлодар облысының жолдарында төрт күнде мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. 

Өңірдегі барлық жол бақылауға алынып, арнайы рейд жүріп жатыр. «Мақсат жол апаттарының алдын алып, жүргізушілерді жауапкершілікке шақыру», - дейді мамандар. Әйтпесе, жол ережесін жиі бұзатын жүгенсіз жүргізуші көбейіп барады. 

Жол жүру ережесін өрескел бұзатын жүргізушілер азаяр емес. «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Рахим Ибраев, облыстық ПД патрульдік полиция батальоны ротасының командирі:

- Жолда ең жиі тіркелетін құқықбұзушылықтардың негізгілеріне  тоқталғым келеді. Олар – жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпауы, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалануы және техникалық ақауы бар көліктерді басқаруы. Сонымен қатар терезелері заңсыз бүркелген, қайта жабдықталған және міндетті техникалық тексеруден өтпеген көлік құралдары да жиі кездеседі.

Жедел іс-шара әлі бірнеше күнге жалғасады. Полиция қызметкерлері мұндай шаралар жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыруға ықпал ететінін айтады.

Сергей Бах, қалалық ПБ жол-патрульдік полициясы бөлімінің аға инспекторы:

- Жүргізушілердің көзқарасы әртүрлі. Көбі түсіністікпен қарайды. Қарсылық танытатындары да бар. Менің ойымша, мұндай рейдтерді жиі өткізу керек. Сонда ғана тәртіп күшейіп, жол-көлік оқиғаларының саны азаяды. 

Бұдан бөлек, әкімшілік айыппұлдарын төлемеген жүргізушілерге қатысты да рейд ұйымдастырылды. Бір күнде борышкерлерден 3 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Жеті автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков