Егін егу науқаны қызу жүріп жатыр

Батыс Қазақстан облысында шаруалар егіс алқаптарының жартысынан астамына тұқым сеуіп үлгерді.

Биыл күн күрт жылынды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек, - дейді диқандар. Әйтпесе топырақта ылғал азайып кетеді. Биыл өңірде 289 мың гектар алқапқа дәнді, 123 мың гектарға майлы дақыл егіледі. Тұқым мен жанармай жеткілікті. 

Дәл қазір дала төсінде қарбалас шақ. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы түсінетін диқандар таңғы елең-алаңнан қас қарайғанға шейін бел жазбай еңбек етуде. Олардың асығатындай да жөні бар. Өйткені соңғы аптада ауа температурасының 30 градусқа дейін көтеріліп, аңызақ жел соғуы салдарынан топырақта ылғал азайып барады.

Олег Шейко тәжірибелі механизатор. Алып техниканы тізгіндеп, алқаптың апшысын қуырғанына 20 жылға жуықтапты. Бірақ биылғыдай көктемді көрмепті. Наурыздың аяғында күн күрт жылынса, сәуірдің екінші жартысында қайта салқындаған. Ал соңғы күндері аңызақ жел соғып, жерді кептіріп жатыр.

Олег Шейко, тракторшы:

- Мамырдың басында күн салқын болып тұрды. Сол себепті науқанды жылдағыдан кеш бастадық. Қазір жел күшейіп кетті. Ылғал бар кезде тұқым сеуіп үлгерейік деп жанталасып жатырмыз. Осыған дейін күнбағыс пен мақсары, бидай ектік. Енді арпаға көшеміз.

Кәнігі диқан Бейбіт Асанов 12 мың гектар алқапқа егін салады. Бұрын негізінен бидай, қара бидай секілді дәнді дақылдар егетін. Ал соңғы жылдары майлы дақылдардың үлесін көбейтті. Күнбағыстан бөлек, мақсары, жасымық, зығыр септі. Дақылдардың нарықтағы бағасына байланысты бидайды азайтты. Шаруаларға мемлекет көмегі көп дейді ол.

Бейбіт Асанов, шаруа:

- Былтыр ақбидайымыз - 70 мың. Арпаның бағасы 100 мыңға дейін көтерілді. Сафлор дейтін «красная чечевица», «зеленая чечевицаны» Қытай, Түркиядан алып жатыр. Сол үшін бағасы олардан сәл қымбат. Ешқандай мәселе жоқ. Субсидия беріп жатыр. Тұқымға беріп жатыр. Соның бәріне үкімет көмектесіп жатыр. Жұмыс істеу керек. Басқа дым да керек емес.

Биыл  көктемгі далалық жұмыстарға өңір шаруаларына 9 млрд жарым теңге несие берілген. 5% жеңілдетілген несиеге 98 ауылшаруашылық құрылымы қол жеткізген. Оларға кепілдік мәселесіне мемлекет көмектескен.

Марат Сарсеев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚОФ директоры:

- Екі жылдан бері көктем жұмыстарын қаржыландыру ерте бастап жатыр. Яғни қараша-желтоқсан айынан бастап, Осыдан екі-үш жыл бұрын қаржы тек наурыз айларына келіп,  игеру несие несие алушыларға кішкене қиындау болатын еді.

Биыл өңірдегі егіс көлемі 626 мың гектарды құрамақ. Қажетті тұқым, тыңайтқын, жанар-жағар маймен шаруалар толық қамтылып отыр.

Кеңес Қайдашев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Көктемгі-далалық жұмыстарға 10,5 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бағасы 270  теңгеден. Ол Қазақстан бойынша салыстырғанда ең арзан баға. Қазіргі уақытта маржиналды дақыл сұранысқа ие. Соған енді көңіл бөледі. Қазір 2023 жылмен салыстырғанда бізде дәнді бұршақты дақылдар 2,2 мың гектар болса, 2025 жылы бізде 24 мың гектар болды. 12 есе өсті.

Биыл көктемде өңірде 289 мың гектарға дәнді, 123 мың гектарға майлы дақыл егу жоспарланған. Өңір диқандары қазір егіс алқаптарының 56%-на тұқым септі.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов