Сәтбаевта жылу желілері жаңғыртылып жатыр

Сәтбаевқа жылу жеткізетін үлкен магистралдық құбырлар жаңартылып жатыр. Жоспар бойынша 10 шақырымнан астам құбыр ауыстырылады.

Сонымен қатар жылу қазандықтарының негізгі бөлшектері жөнделеді. Бұл жылу жүйесіндегі тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, дейді мамандар. Қазір шағын шаһардағы жылу желісінің жартысынан астамы тозған.

Сәтбаевта жылу жеткізетін төрт магистралды құбыр бар. Қазір соның екеуі қайта жаңартылып жатыр. Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген желінің  тозығы жеткен бөлігі ауыстырылады. Мамандар жаңадан салынатын құбырлардың жылу сақтағыш қасиеті жоғары дейді. Жаңғыртудан соң қаладағы жалпы жылу желісінің тозу деңгейі 5-6 процентке төмендейді. Қазір бұл көрсеткіш 54 пайыз шамасында.

Алтай Ұбайділдинов, Жылумен жабдықтау кәсіпорнының бас инженері:

- Бұл жаңа технологияға сәйкес оқшауланған жылу құбырларымен ауысуда. Бұл ауқымды жұмыс аяқталғаннан кейін біздің Сәтбаев қаласының тұтынушыларына, яғни қаланың төменгі аудандарындағы тұтынушыларға жылу беру жақсаратын болады.

Бұдан бөлек қалада 24 шақырым орамішілік құбыр жаңарады. Оған жылу тасымалына жауапты коммуналдық кәсіпорын 400 млн теңге бөлген. Ал жылу энергетика кәсіпорнында төрт қазандық ағымдық жөндеуге қойылды. Бұл жұмыстарға компания өз қаражаты есебінен 800 млн теңге жұмсайды.

Сәкен Қожабаев, Жылу энергетика кәсіпорнының техникалық директоры:

- 4 қазандықтың да конвективтік бөлігі толықтай шешіліп, 2-ші қазақдықтың конвективті бөлігі жаңадан жасалып қазіргі таңда орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2-ші қазақндық орта есеппен маусымның 25-сінде толықтай аяқталып, келесі қазандықтарға көшеміз.

70 мың тұрғыны бар шаһарды жылу маусымына дайындауға тартылған инвестицияны қоса есептегенде 8 млрд теңге бөлініп отыр. Қаржыны қыркүйектің 25-не дейін игеру жоспарланған. Сәтбаевта көпқабатты 630 үй бар. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәлімдеуінше соның 113-і қыс мезгіліне дайындығын пысықтап үлгерген.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серекбаева