ШҚО: Күршім ауылында жылу жүйесі жаңартылды

Шығыс Қазақстандағы Күршім ауылында орталықтандырылған жылу жүйесі жаңартылып, кеңейту жұмыстары жүргізілді.  

36 көп қабатты үйдің 29-ына жылу берілді. Қазір 4 қазандық жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы екеуі іске қосылады. Барлық қазандық толық қуатына көшкен кезде әлеуметтік нысандар мен жеке секторға да жылу желісін жүргізу жоспарланып отыр. 

Күршім ауылында соңғы үш жылда коммуналдық нысандар кезекпен жаңартылып жатыр. Жылыту маусымында 29 көп қабатты тұрғын үй жылу желісіне қосылды. Қалған үйлерге де алдағы уақытта орталықтан жылу беріледі. Зейнеткер Майра Жанбәкірова бұрын үйін пешпен жылытатын, кейін электр энергиясын пайдаланды. Ай сайынғы төлем қалтаға салмақ болғанын айтады. Қазір отын тасып, күл шығарудың қиындығынан құтылды.

Майра Жанбәкірова, Күршім ауылының тұрғыны:

- Енді айына 30-40 мыңдай кетеді. Тұтас жаққанда. Ал қазір енді мынау екі бөлмелі үй, бірақ кішкене басқа екі бөлмелілерге қарағанда кеңдеу. Қазір жақсы. Үй жылы. 29 градусқа дейін кейде барады. Балконның терезесі әйнек. Сол кешке жақын балконға кіретін терезені ашып қоямыз.

Жылу желісіне тұрғын үйлерден бөлек мектептер мен балабақшалар да қосылып жатыр. Аудан басшыларының айтуынша, инфрақұрылымның жаңғыртылуы экономикалық жағынан да тиімді. Электр энергиясымен жұмыс істейтін жылу қондырғыларының шығыны мол. Орталықтандырылған жылу жүйесі іске қосылғалы энергия үнемделген. Көмір тұтыну  көлемі де азайды.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданының әкімі:

- Ауданның орталығында төрт мектеп бар, төрт мектептің үшеуі қосылған, біреуі келесі жылға жоспарланып отыр, номер бірінші мектеп. Үш балабақша бар, үш балабақшаның екеуі орталықтандырған жылуға қосылған, біреуі келесі жылға қосылады. Бір мысал ғана келтірейін: номер үшінші гимназия мектебінің орталықтандырған жылуға қосылғанда, жаңағы жылу маусымындағы үнемделген қаражат 40 миллион теңгенің үстінде болды.

Болашақта жаңадан бой көтерген жеке секторды да жылу желісімен қамту жоспарланып отыр, дейді сала басшылары. Мамандардың мәліметінше, бұл жоба ауылдан қалаға бет түзеген жұрттың санын да азайтқан. Алдағы уақытта шалғай аудандарда да жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Досжан Сейіткамал, ШҚО энергетика ЖӘНЕ ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Алтай қаласы Серебрянск қаласында биыл 2,8 км жылу желілерін қайта құру жұмыстары басталды. Жоба келесі жылға ауысады. Сонымен қатар Тарбағатай, Ақжар  ауылдарында жаңа жылу желілерінің құрылысы басталды. Үлкен Нарын ауылында жаңа желісін жаңарту биылдан басталды.

Облыста жалпы жылу жүйесінің тозу көрсеткіші 50 проценттен асқан. Биыл өңірде 45 шақырым желі жаңғыртылды дейді мамандар. Бұл тозу деңгейін 3,5 процентке азайтады. 

Авторы Эльмира Ахметова

Сондай-ақ оқыңыз: