Жезқазғандағы апатты үйлердің орнына жаңасы салынады
Ұлытауда апатты үйлер сүріліп, орнына жаңасы салынады.
Өңірде реновация бағдарламасы басталды. Жезқазғаннан бөлек облыстағы өзге де шағын қалаларда тұрғын үй қоры жаңғыртылады, дейді жобаны үйлестірушілер. Жалпы өңірде апатты үй саны жүзден асады. Реновация бағдарламасы бойынша ескі баспана иесіне дәл сондай көлемде жаңа пәтер беріледі.
Абай көшесіндегі мына үйлер осыдан 70 жыл бұрын құрылысшылар үшін уақытша баспана ретінде салынған. Әлдеқашан апатты деп танылған ғимаратта бүгінге дейін адамдар тұрған. Енді мұндай баспаналар реновация бағдарламасы бойынша сүріліп, орнына көп қабатты заманауи тұрғын үй кешені салынады.
Олег Прудковский, қала тұрғыны:
- Біз бұл күнді ұзақ күттік. Тұрғындар қуанып жатыр. Үйді бұза бастағанда әрине қимастық сезімі болады екен. Бірақ бұйыртса, бұл жерге ертең зәулім үй салынады. Біз инвесторлармен және бағдарлама жетекшілерімен үш жақты келісім жасадық. Шарттары біз үшін өте тиімді. Ескі пәтердің орнына дәл сондай көлемде жаңа баспана береді.
Инвесторлар жаңа тұрғын үйді бір жарым жылдың ішінде тапсырамыз деп отыр. Үй қолданысқа берілгенше уақытша баспанаға көшкен тұрғындарға коммуналдық шығынды өтеуге қаржылай көмек береді. Бағдарламаны жергілікті жерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үйлестіреді.
Нұрлан Садыбеков, "Ұлытау" ӘКК төрағасы:
- Ескі үйлер сүрілген соң алдағы 2 аптаның көлемінде құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Ескі үйлерді жаңарту үшін 3 жылдық жоспар әзірледік. Осыдан кейін Байқоңыров көшесіндегі үйлерді жаңартамыз. Ол жерде реновация бағдарламасына жататын 11 үй бар. Қазір сол үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы облыс бойынша реновация бағдарламасымен 120 үй жаңғыртылады. Дәл осындай жұмыстар алдағы уақытта Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кентінде басталады. Инвесторлар үйді салып қана қоймай, оның айланасын да толық абаттандырады.
Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева