Астанада электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

Фото: depositphotos.com

Астанада электр энергиясына арналған жаңа тариф 12,5%-ға өсуі мүмкін, деп хабарлайды, «24KZ».

Бүгін елордада «Астана-Өңірлік Электржелілік Компаниясы» АҚ-ның жаңа тарифтерді бекітуге қатысты қоғамдық тыңдауы өтті.

Компания басшысы Руслан Абжановтың айтуынша, «Астана-ӨЭК» электр энергиясының шекті бағасын 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін көтеру туралы өтініш берген. Өсім 12,5%-ды құрайды. Жаңа тарифтер 2026 жылғы 5 маусымнан бастап күшіне енуі мүмкін.

Компания өкілдері бағаның өсуін электр энергиясын сатып алу мен тасымалдау шығындарының артуымен түсіндіреді. Сондай-ақ KEGOC қызметтері, баланс нарығы және тұтыну көлемінің өсуі де әсер еткен.

Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы Астанада электр энергиясын тұтыну көлемі 12,2%-ға өсіп, бұл жаңа тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарының пайдалануға берілуімен байланысты болған. Қалада 2025 жылы 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынған.

Сондай-ақ тарифтік саясатқа қатысты өзгерістер мен нарықтық факторларға байланысты кәсіпорынның қаржылық шығындары да қалыптасқаны атап өтілді.

Тұрмыстық тұтынушылар үшін тариф орта есеппен 10%-ға артуы мүмкін, бизнес үшін өсім 22%-ға дейін жетуі ықтимал, ал бюджет ұйымдары үшін тариф өзгеріссіз қалады. Мысалы, бір бөлмелі пәтер үшін ай сайынғы төлем шамамен 383 теңгеге көбейеді.

Соған қарамастан, компания өкілдері Астанадағы тариф ел бойынша орта деңгейде сақталатынын, ал кей өңірлерде электр энергиясы бұдан да жоғары бағамен сатылатынын айтады.