Алматы облысында Құрбан айт ұлттық дәстүрге сай атап өтіледі

Алматы облысында Құрбан айт мерекесі ұлттық дәстүрге сай атап өтіледі.

Айт күндері өңірдегі мешіттер аумағында киіз үйлер тігіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар мереке кезіндегі қауіпсіздік пен санитарлық талаптар күшейтіледі.

Алматы облысының бас имамы тұрғындарды Құрбан айт мейрамын ұлттық киім киіп, салт-дәстүрге сай атап өтуге шақырды. Айт күндері мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Бас имамның айтуынша, Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын ізгі мейрам.

Мадияр Пірімқұлов, Алматы облысының бас имамы:

- Мейрам болғаннан кейін мереке ретінде атап өту керек. Ұлттық нақышта, бабаларымыз қасиетті құрбан айтты қалай мерекелеген болса, солай мерекелеуді барынша қолға алу керек.

Биыл облыс аумағында құрбандық шалуға арналған 29 арнайы стационарлық орын бекітілген. Мамандардың сөзінше, санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары барлық орында қатаң қадағаланады. Айт күндері қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Берік Дакеев, қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

- Азаматтардың ең әуелі тазалық сақтауы, маңайдағы абаттандыруды бұзбай, жол ережелерін бұзбау. Сонымен қатар бекітілген орындарда ғана мал сатуын ұйымдастыру.

Алтынай Райымбекова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Етті сою мен өңдеу барысында тазалық пен гигиенаны сақтау керек. Мал союмен айналысатын тұлғаға арнайы киім киіліп, қолдарын үнемі ағынды сумен жуып, дезинфекциялап отыруы қажет.

Айта кетейік, биыл құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өткізіледі. Қашықтан құрбан шалуға ниетті азаматтар үшін qurban.muftyat.kz платформасы жұмыс істейді.

Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов