19 млн қаралым жинаған жас балуан: Махмұт Әлидің арманы – Олимпиада төрінде көк туды желбірету

Фото: Махмұт Әлидің жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желіде медальдары мен белбеулерін қатар тізіп қойған бейнежазасымен көпшіліктің назарын аударған жас спортшы Махмұт Әли бүгінде ел арасында кеңінен танылып үлгерді. Қысқа уақытта миллиондаған қаралым жинаған ролик кішкентай балуанның еңбекқорлығы мен табандылығына жұрттың қызығушылығын арттырған, деп хабарлайды «24KZ»

Алматы облысы Талдыбұлақ ауылының тумасы Махмұт Әли қазір №46 «Келешек» мектебінің 4-сыныбын үздік аяқтаған. Жас спортшы 5 жасынан бастап еркін күреспен айналысады. Бүгінде ол бапкері Александр Гольцманның жетекшілігімен жаттығып жүр.
Әкесі Жарасов Ерлан Махмұтұлының айтуынша, ұлын алғаш рет жаттығу залына өзі алып барған. Кейін спорт бала өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Жарасов Ерлан, әкесі:


Қазіргі кезде балалардың алдында екі таңдау бар деп ойлаймын. Бірі – күні бойы телефон қарап отыру, екіншісі – спортпен немесе басқа да пайдалы үйірмелермен айналысу. Біз спортты таңдадық. Баламыз осы спорт түрінен өзін тапты, ұнатты. Аллаға шүкір, нәтижесі де жаман емес. Кішкентай кезінен өте жылдам, шапшаң бала болды. Қазір де солай. Содан кейін күреске бердік. Жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ең бастысы – бала қиналып жатқан жоқ, өзіне ұнайды. Қазірдің өзінде басқа елдерге шығып, жарыстарға қатысып жүр. Тіпті баламыз ең бірінші мектепке емес, спортқа барды, – дейді ол.


Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірі ерекше қызығушылық тудырып, 19 миллион қаралым жинаған. Видеода жас спортшы өзінің медальдары мен марапаттарын көрсеткен.
Бүгінде жас балуанның қоржынында 126 медаль, 33 белбеу және 14 кубок бар. Сонымен қатар ол спорт шеберлігіне үміткер (КМС) атағын иеленген.


Әр жарысымыз есімізде. Әр медальдің өз тарихы бар. Жеңілген сәттер де болды. Бірақ көп емес. Ең бастысы – баланың жігері мықты, – дейді әкесі.

Махмұт Әли күніне екі сағат тұрақты жаттығады. Соған қарамастан оқу үлгерімі де жоғары. Биыл бастауыш сыныпты тек үздік бағамен аяқтаған.


Спорт оқуына еш кедергі келтірмейді. Ұстаздары өзіне лайық бағасын қояды. Сабаққа да жауапкершілікпен қарайды, – дейді Жарасов Ерлан.


Әлеуметтік желіде жас спортшының жетістігіне сүйсінетіндер де, күмәнмен қарайтындар да бар. Алайда отбасы теріс пікірлерге назар аудармайды.

Қолдап жатқан адамдар өте көп. Бірақ хейтерлер де кездеседі. Қазір ондай пікірлерге мән бермейміз. Бастысы – баланың мақсаты айқын, – дейді ол.


Жазғы демалыста да жас балуан жаттығуын тоқтатпайды. Ал оның ең үлкен арманы – халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, Олимпиада төрінде Қазақстанның көк туын желбірету.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз