Алматыда «Өз жерінің елшісі» халықаралық форумы өтті
Биыл ұлт руханиятының абызы, Қазақстанның Еңбек ері, Халық жазушысы, көрнекті ақын, қайраткер Олжас Сүлейменов 90 жылдығын атап өтіп жатыр.
Осы мерейтойға орай Алматыда «Өз жерінің елшісі» атты Еуразия мәдениеттерін жақындастыру жөніндегі халықаралық форум ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының Олжас Сүлейменовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұлттық мәдениетті дамытуға және еліміздің беделін нығайтуға қосқан зор үлесін ерекше атап өткенін жеткізді. Форумға Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Қытай, АҚШ сияқты елдерден мәдениет пен әдебиет қайраткерлері қатысты.
Олжас Сүлейменовті мерейтойымен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді. «Президент атап өткендей, Олжас Сүлейменовтің өмір жолы Отанға адалдықтың, жоғары азаматтықтың, жалпы адамзаттық құндылықтарға берік ұстанымның жарқын үлгісі», – деді вице-премьер. Аида Балаеваның айтуынша, еліміздің тарихында ақындық қуат, ғылыми ізденіс, азаматтық батылдық пен халыққа адал қызмет секілді қасиеттерді бір бойына тоғыстырған тұлғалар көп емес. Сондай қайраткерлердің бірі - Олжас Сүлейменов.
Сұлтан Раев, Түрксой Халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- Олжас Сүлейменовтің бір ғана шолуы қазақ адабиеті емес, түрік әдебиетіндегі өзгеше тұлға. Олжас Сүлейменов біздің заманымыздың рухани лидері деп айтар едім. Себебі түрік дүниесіндегі ең алдыңғы ойларды, алдыңғы көзқарастарды, алдыңғы философиялық бағыттарды алып жүрген - Олжас Сүлейменов. Олжас Сүлейменовтің бүгінгі майрамы ол қазақ елінің ғана емес, жалпы түрік елінің майрамы деп айтар едім.
Олжас Сүлейменовтің туындылары көптеген елдің зияткерлік әдеби кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның шығармашылығы сонау 1960 жылдардан бастау алады. Содан бері түркі халқының әлемдік өркениеттегі тарихи орнын жаңаша пайымдауға зор ықпал етіп келеді. Оған қоса Еуразия жұртшылығының ортақ мұрасына деген қызығушылығын арттырды. Оның еңбектері әлемнің 30-дан аса тіліне аударылып, өз елімізбен қоса Ресейде, Түркияда, Еуропа және Орталық Азия елдерінде басылып шықты.
Игорь Крупко, ЮНЕСКО Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары:
- Мұнда әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, танымал тұлғалар Олжас Сүлейменовтің әлем мәдениетіне қосқан үлесін тағы бір мәрте атап өтті. Ол кісінің қайраткерлігі мен ақындығы өзгелерге ұқсамайды. Оның шығармаларында өршілдік пен ұлттың болмысы жатыр. Философия жатыр. Әр оқыған сайын жаңа қырынан танылады.
Аида Балаева Олжас Сүлейменовтің әдебиет пен кино өнерін дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. Ақынның алғашқы жинағы «Арғымақтар». Одан кейін жазылған «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы мен «Аз и Я» зерттеулері жеке кітап болып бірнеше рет басылды. Сүлейменовтің сценарийі бойынша режиссер Шәкен Айманов «Атамекен» фильмін түсірді. Бұл туынды отандық киноның алтын қорына енді. Картинаны 4 миллионнан астам көрермен тамашалады. Сонымен қатар, «Соңғы асу», «Адамды қабылдаңыз!», «Махамбет», «Жәңгір» сияқты бірнеше фильмнің сценарий авторы. 90 жылдығына орай әзербайжан тілінде «Олжас Сүлейменов әзербайжан көзімен» жинағы жарыққа шықты.
Анар Рзаев, Әзербайжан жазушылар одағының төрағасы:
- Ол көрнекті ақын, ғалым. Әзербайжан халқы Сүлейменовті өте жоғары бағалайды. Біз оған ұлы ақынымыз Бахтияр Вагабзаде атындағы сыйлықты тапсырдық. Ол туралы шыққан кітапта менің де мақалам жарияланды. Ішінде қызықты материалдар өте көп. Біздің президентіміз Олжас Омарұлына құттықтау жолдады. Ол бізге етене жақын жазушы. Білесіз бе. Мен оны жай ғана көргім келеді.
Олжас Омарұлы қоғамдық өмірде азаматтық көзқарасын ашық көрсете білді. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрып, халықтың үнін әлемге жеткізді. Семей полигонын жабуға атсалысты. Кейін бірнеше мемлекетте елші болды. ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкіл қызметін атқарды. Форум аясында ақынның қайта басылып шыққан кітаптарының тұсаукесері өтті. Айта кетейік, бұған дейін қазақ және орыс тілдеріндегі он томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға ұсынылған. Аида Балаева ақын шығармаларын насихаттау жұмыстары бұдан әрі де жалғасатынын айтты. Жыл соңына дейін «Олжас Сүлейменов. 90 жыл» және «Аз и Я» фотоальбомын шығару жоспарланған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов, Валентин Лобанов