Қытайда Абай күнін атап өтілді
Ұлы Абайға Қытай жұрты құрмет көрсетті. Бейжіңде ойшыл мұрасына арналған халықаралық конференция өтті. Жалпы көрші елде ақынның еңбектері тұрақты түрде дәріптеліп, кеңінен насихатталып келеді.
Жыл сайын арнайы жиын өткізіліп, жиналғандар хәкім рухына тағзым етеді. Биыл да қос елдің ғалымдары мен жазушылары дөңгелек үстел басында кездесіп, пікір алмасты.
Қытайда Абай күніне арналған іс-шара ойшылдың бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қазақ пен қытайдың зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен әдебиет саласының қайраткерлері, дипломаттар ұлы тұлғаның рухына тағзым етті. Бұдан кейін мереке еліміздің Қытайдағы мәдениет орталығында жалғасы. Халықаралық деңгейде дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Ақбар Мәжитұлы, абайтанушы:
- Бұрын оқымыстылар оқыса, ғалымдар зерттесе, қазір қарапайым оқырмандар оқып жатыр. Абайдың өлеңдері арқылы Қазақстан мен Қытай екі ел аралығындағы мәдени қарым-қатынас қауышады. Екі ел арасындағы бір-біріне түсіністік тереңдейді. Содан соң достың тіптен нығая түседі деп ойлаймын.
Абайдың өзі де, сөзі де Қытайда кеңінен насихатталып жатыр. Ойшыл туындыларының терең мазмұны, көзқарасы, әділеттілік пен адамгершілік туралы ойлары жергілікті философтар мен әдебиеттанушылардың қызығушылығын туғызған.
Юань Сикунь, қытайлық мүсінші:
- Абайдың терең ойлары бүкіл адамзатқа ортақ мұра. Бұл тек Қазақстан мен Қытайда емес, бүкіл әлемге насихатталуы тиіс. Оның қалдырған рухани мұрасы екі елдің арасындағы гуманитарлық байланысты байытып, халықтарымыздың бір-бірін жақын танып, білуге жол ашып отыр.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Абай мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау Қазақстанның мәдени дипломатиясының маңызды бағыты болып саналады. Бүгінде адамзат күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезеңде Абай идеяларының өзектілігі бұрынғыдан да арта түсті. Оның филосиофиясы адамды құрметтеуге, білімге ұмтылуға, адал еңбек етуге, әділеттілік пен өзара сыйластықты жоғары қоюға үндейді.
Қазақстан мен Қытайдың бірнеше аймағы мен жоғары оқу орындарының жетекшілері, абайтанушылар онлайн режимде қосылып, өз ойларын білдіріп, баяндама жасады. Тың ақпармен бөлісіп, зерттеу жұмыстарын ортаға салды. Тараптар қазақ-қытай өркениеттерінің рухани сабақтастығы туралы сөз қозғап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жағын талқылады.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы