Астана Азия туристік нарығындағы орнын нығайтуда
Астана Шанхайдағы ITB China 2026 халықаралық туристік көрмесіне қатысып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Көрме 26–28 мамыр аралығында ұйымдастырылған халықаралық алаңда өтіп жатыр. Ол Қытай нарығына басымдық бере отырып, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға бағытталған негізгі кәсіби алаңдардың бірі.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, шара барысында Астана қарқынды дамып келе жатқан халықаралық туристік бағыт ретінде таныстырылуда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елордаға 1,6 миллионнан астам турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Туристік ағынның негізгі бөлігі Қытай, Түркия, Ресей, Германия және АҚШ елдерінен қалыптасқан.
Қазіргі таңда қалада 310-нан астам қонақүй және 2 255 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Оның 525-і — мейрамхана (ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша).
Сондай-ақ қалада қонақүй және мейрамхана секторы тұрақты дамып, қызмет көрсету сапасы артып келеді.
MICE-туризм бағыты да қарқынды дамуда: 2025 жылы елордада 190-ға жуық халықаралық іс-шара өткізіліп, 150 мыңнан астам адам қамтылған.
Көрме аясында елорда делегациясы шетелдік туроператорлармен және серіктестермен 100-ден астам B2B кездесу өткізбек.
Бұл Астананың туристік ағынды арттыруға және Азия нарығындағы орнын нығайтуға бағытталған қадамдарының бірі болмақ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз