Қазақстанда ГПХ шарттарына қатысты талап күшейеді: бизнес пен фрилансерлерге не өзгереді?
8 маусымнан бастап Қазақстанда Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енеді. Енді еңбекқатынастарының кем дегенде бір белгісі анықталған жағдайда, жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты (ГПХ) жасасуға жол берілмейді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа нормалардың іс жүзінде нені білдіретінін Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер және салық консультанты Раушан Тасшоинова түсіндірді.
Еңбек қызметі деп Еңбек министрлігі белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша жұмысты орындауды, міндеттерді жеке атқаруды, компанияның ішкі тәртібіне бағынуды, сондай-ақ еңбектің нәтижесі үшін емес, еңбек процесінің өзі үшін сыйақы алуды түсінеді.
Ресми түрде бұл түзетулер еңбек қатынастарын ГПХ шарттарымен алмастыруға қарсы бағытталған. Алайда іс жүзінде мәселе әлдеқайда кең: икемді жұмыспен қамту үлесі өсіп жатқан жағдайда еңбек нарығы қалай жұмыс істеуі керек деген сұрақ туындайды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, осыдан жиырма жыл бұрын бір кеңседе, бір жұмыс берушімен және тұрақты жұмыс кестесімен жұмыс істеу қалыпты модель саналса, бүгінде экономиканың елеулі бөлігі мүлде басқаша жұмыс істейді. Бұл әсіресе IT, маркетинг, дизайн, консалтинг, құрылыс, логистика, бухгалтерлік аутсорсинг және цифрлық сервистер салаларында айқын байқалады.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың I тоқсаны бойынша деректеріне сәйкес, Қазақстандағы 9,3 млн жұмыспен қамтылған адамның шамамен 2,2 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Яғни әрбір төртінші жұмыс істейтін қазақстандық дәстүрлі еңбек қатынастары моделінен тыс еңбек етеді.
ГПХ шарттары тек салықты оңтайландыру үшін пайдаланылады деген пікір кең таралған. Бірақ іс жүзінде бұл әрдайым олай емес. Мұндай шарттар бойынша да жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары төленеді. Сондықтан ГПХ шарттарының танымалдығы көбіне салықтық артықшылықтармен емес, осы ынтымақтастық формасының икемділігімен түсіндіріледі, – дейді Тасшоинова.
Сонымен қатар сарапшы соңғы жылдары кейбір компаниялардың ГПХ шарттарын штаттық қызметкерлерді жалдаудың баламасы ретінде қолдана бастағанын атап өтеді.
Жаңа нормалар дәл осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Негізгі қиындық – іс жүзінде мердігер мен қызметкер арасындағы шекараның жиі бұлыңғыр болуы.
Мысалы, бухгалтер бір мезгілде бірнеше компанияға қызмет көрсетіп, тәуелсіз маман болып қала алады. Бірақ егер ол тек бір жұмыс берушімен жұмыс істесе, күн сайын ішкі процестерге қатысып, тұрақты функцияларды орындап, компанияның ішкі ережелеріне бағынса, мұндай қатынастар классикалық еңбек қатынастарына көбірек ұқсай бастайды.
Сондықтан енді шарттың атауы емес, нақты жұмыс мазмұны шешуші мәнге ие болады, – деп түсіндіреді ол.
Еңбек қатынастарын ГПХ шарттарымен алмастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бизнес үшін айыппұл мөлшері 648 750 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Алайда тәуекелдер тек айыппұлмен шектелмейді. Қатынастарды қайта саралау қосымша міндеттемелерге алып келуі мүмкін: қызметкерлерді кадрлық рәсімдеу, еңбек кепілдіктерін ұсыну және еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қажеттілігі туындайды.
Сондықтан кейбір компанияларға тек шарттық базаны ғана емес, жұмыс ұйымдастыру тәсілдерін де қайта қарауға тура келеді, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Қазақстан бүгінде әлемнің көптеген елдерінде талқыланып жатқан мәселемен бетпе-бет келіп отыр: қызметкерлерді қорғау мен икемді жұмыспен қамту нысандарын дамыту арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек?
Бір жағынан, мемлекет қызметкерлерді қорғауға ұмтылады, яғни ГПХ түрінде рәсімделгенімен, шын мәнінде еңбек қатынастары болып табылатын жағдайлардың алдын алғысы келеді. Екінші жағынан, бизнес жобалық жұмыспен қамту, аутсорсинг және тәуелсіз мамандармен ынтымақтастықты белсенді түрде пайдаланып келеді, өйткені дәл осындай модельдер нарықтағы өзгерістерге жылдам бейімделуге мүмкіндік береді.
Егер бұрын жұмыс берушілер еңбек шарты мен ГПХ арасында көбіне рәсімдеу ыңғайлылығына қарай таңдау жасаса, енді олар орындаушылармен арадағы қатынастың нақты сипатын әлдеқайда мұқият бағалауға мәжбүр болады, – деп қорытындылады Раушан Тасшоинова.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз