Пара ұсынғандар қылмыстық жауапқа тартылады
Енді пара беруге уәде еткен немесе оны ұсынғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сенаторлар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа шараларына қатысты құжатты екі оқылымда мақұлдады. Жаңа нормалар жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жауапкершілікті күшейтеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын жоюды қамтиды. Бұдан бөлек, енді басшылық қызметтегі азаматтың туыстарымен бірге қызмет етуіне қойылатын шектеулер күшейтіледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Осы орайда мақұлданған заң аясында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге арналған ауқымды түзетулер топтамасы қарастырылды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда, ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған жаңа тетік енгізіліп отыр. Сонымен бірге жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейтуге арналған өзге де нормалар бар. Ілеспе заң аясында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жетілдірілді. Жалпы бұл заңдарды мақұлдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін одан әрі арттырады деп сенеміз.