«Бүгін – Мақсот Қарабалиннің туған күні»: Атырауда  Сәрсемәлиевке қатысты сот басталды

Фото: azh.kz

 Атырау облысының Жангелдин ауылында болған жаппай кісі өлтіру ісі бойынша 28 мамырға жоспарланған кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды «24KZ»  «Ақ жайық» басылымына  сілтеме жасап.

 Сот отырысы басталар алдында жәбірленушілердің туыстарының бірі, бүгін айыпталушының бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әкесі Мақсот Қарабалиннің туған күні екенін айтып, марқұмды еске алды. 

 Қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша басты айыпталушы – Сұлтан Сәрсемәлиевке Қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша айып тағылған. Оның ішінде адам өлтіру, алаяқтық, ұрлық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бар.

 Айыптау нұсқасы бойынша, алғашқы қылмыс 2025 жылы жасалған. Кейін бірнеше ай ішінде сол отбасының тағы үш мүшесі  өлтірілген. Тергеу дерегіне сәйкес, жәбірленушілер айыпталушының бұрынғы жұбайының жақын туыстары болған.

 Сот барысында Сәрсемәлиевті екі адвокат қорғайтыны белгілі болды. Сонымен қатар оған 2 миллион теңгеден астам көлемде азаматтық талап арыз түсірілген.

Бұған дейінгі сот отырысында Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін ішінара мойындағаны белгілі болды. Ол Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін «абайсызда болған жағдай» деп сипаттап, өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін айтқан. Алайда басқа эпизодтар бойынша бірнеше адамға қасақана пышақ жарақатын салғанын мойындады.

Еске салайық, Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы ресми түрде ажырасқан. Отбасында бес бала бар. Қазіргі уақытта балалар арнайы мекемеде тәрбиеленіп жатыр.

Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр. Бұл іс қоғам назарында.