Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын жолының құрылысы басталды
«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» республикалық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, заманауи талапқа сай төрт жолақты тас жолға айналады.
Бұл бағыт бұған дейін еліміздегі ең тозығы жеткен күре жолдардың бірі саналған еді. Жүргізушілер шұрық-тесік асфальттың кесірінен жол азабын тартып келген еді.
Ақтөбеден Қарабұтақ арқылы еліміздің оңтүстік өңірін байланыстыратын жол әбден тозған. Шамамен жиырма жыл бұрын төселген асфальттың шұрық-тесігін жылда жамағанмен бүгінгі көлік легіне шыдас бермейді. Себебі екі жолақты, төртінші санаттағы асфальтпен күніне шамамен 15-16 мың көлік өтеді.
Болат Ашабаев, Хромтау қаласының тұрғыны:
- Кептелістер көп болатын еді. Енді өткен жылы мына Жазық бекетінен үлкен көпір салынды. Бұл да халық игілігіне бүгінгі таңда қызмет істеп жатыр. Сондықтан бұл халықың мұң-мұқтажын тыңдап, ел үшін, халық үшін жасап жатқан жолдарына сәттілік тілейміз.
Ұзындығы 262 шақырым «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытына төрт жолақты асфальт төселіп, бірінші санат талаптарына сай болады. Жеті учаскеге бөлінген жол бойында құрылыс жұмыстары бір мезетте басталды. Облыс әкімі Асхат Шахаров ауқымды жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Жоба Президенттің тапсырмасы аясында және ерекше қолдаумен жүзеге асырылып жатыр. Тек қана біздің өңіріміз үшін емес барлық еліміз үшін маңызды жоба. Барлық учаскелерде мердігерлер анықталды. Үш жылдың көлемінде толық аяқталады деген жоспарымыз бар. Біз үшін өте қуанышты жағдай.
Құрылыс жұмыстарына мыңнан астам маман жұмылдырылады. Жалпы өңірде соңғы үш жылда шамамен 1600 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Ал биыл көлік инфрақұрылымы саласын дамытуға 36 млрд 400 млн теңге бөлінген.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов