БҚО: Самұрық-Қазына қоры қолдаған жобалар

«Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен елімізде күні бүгін 274 әлеуметтік нысан ашылып, 2700-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылған.

Тек өткен жылы осы нысандарда 1 миллионнан астам адамға көмек көрсетіліпті. Білім беру, медицина, мәдениет, инклюзия және спорт салалары бойынша жүзеге асқан жобалар батыс қазақстандықтарға да шарапатын тигізіп келеді.

Орал қаласындағы «Ozge Epic» креативті хабы былтыр ашылды. Мұнда коворкинг, театр, көрме залдары, подкаст, анимация және музыка студиялары біріктірілген. Бүгінде орталық креативті индустрия саласы бойынша 200 жаңа жұмыс орнын ашып, алғашқы анимациялық студияда өз мультфильмдерін шығаруды бастады. Бұл жастарға заманауи дағдыларды меңгеріп, шығармашылық бағытта дамуға мүмкіндік береді.

Нүрила Аманова, жоба менеджері:

- Біздерде театр саласы, жалпы медиа саласы, подкаст студиясын оқытатын мамандарды 23 бағыт бойынша тәрбиелеп және 200 маманды осы Орал қаласынан дайындап әзірлеп шықтық. Креатив орталығымызда жастарға қазіргі таңда бізде акустикалық кештер, яғни жастарға өзінің еркіндік беретін концерттік бағдарламаларды біздер халыққа ұсынудамыз.

Өңірде ауру балаларды оңалтуға да ерекше назар аударылып келеді. Орал қаласында 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы және 3-тен 18 жасқа дейінгі дамуында түрлі ерекшеліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда сал ауруы, сөйлеу және даму тежелісі, Даун синдромы және орталық жүйке жүйесінің зақымдану салдары бар балаларға көмек көрсетіледі.

Әсел Шукулова, қала тұрғыны:

- Балам ерте туылғандықтан осында жергілікті емханадан жолдамамен жіберілдік. Бірінші күні дәрігерлер қарап, баланың жағдайына байланысты анамнезіне қарап тағайындады. Арнайы процедура бар. Біздер қазір массаж алып жатырмыз.

Бүгінде мұндай жобалар өңірдегі өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналған. Соның арқасында облыс тұрғындары маңызды көмек, заманауи мүмкіндіктер және қажетті инфрақұрылыммен қамтылды.

Альфия Адиева, "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:

- «Samruk-Kazyna Trust» қоры соңғы 4-5 жылдың ішінде инклюзия, медицина, әлеумет, мәдениет және спортпен білім беру бағыттарында үлкен жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгіннің өзінде біз соңғы 10 жылда 274 әлеуметтік нысанды өңірлерде ашқан екенбіз. Сол арқылы 2 мыңнан астам халықты жұмыспен, тұрақты жұмыс орындарымен қамтып отырмыз. Ашылған әлеуметтік жобалардың басым бөлігі ауылдарда жұмыс істейді. 

Сонымен қатар елімізде қордың қолдауымен аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған 55 орталық ашылған. Ол мекемелерде жылына 21 мың балаға тегін көмек көрсетіледі.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Қ. Ақрап