Жетісу облысында патриоттық шара ұйымдастырылды
Жетісу облысының Үштөбе қаласында, оқушыларды отансүйгіштікке баулитын әскери-патриоттық шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға кадеттер, ардагерлер мен офицерлер қауымы қатысты. Үш буынның сабақтастығын жалғаған басқосуда «Отанға адал қызмет ету», «Заң мен Тәртіп» қағидаты, «Азаматтық борыш» тақырыбында келелі әңгіме айтылды. Көпшілік ағаш көшеттерін егіп, аллеяны абаттандыруға үлес қосты. «Жас сақшы» кадет сыныбы, Ес-келді ауданындағы Жетісу орта мектебінде былтыр ашылды. Оған осы білім ордасының түлегі әрі қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Ербол Ержановтың есімі берілді. Кадеттерге қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері аптасына екі рет барып, тәрбиелік бағыттағы сабақ өткізіп тұрады.
Айару Батырбек, Жетісу орта мектебінің оқушысы:
- Ербол Тілеубекұлы Ержанов атындағы кадет сыныбымызда 20 оқушы оқиды. Біз бүгінгі іс шараға сыныбымызбен келдік. Өте пайдалы болды.
Бексұлтан Сәрсеков, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы:
- Осы шараға қатысып жатқан жас сақшылар ертең біз сияқты отан қорғаушы болады. Ертең біздің тәртіпті сақтайды. Сондықтан осындай шаралар қазіргі Тәуелсіз Қазақстанға біздің жастарға аса қажет керек.