Ертіс бойында транзиттік дәліз құрылуы мүмкін
Қазақстан, Ресей және Қытай тарапы Ертіс өзенімен трансшекаралық кеме қатынасын жандандыру және халықаралық жүк-жолаушы тасымалдарын дамыту мәселесін талқылап жатыр.
Министрліктер мен салалық ведомство басшылары деңгейінде өзеннің кеме жүретін арнасымен транзиттік бағыт қалыптастыру жоспары қарастырылды. Мульти-модальды су көлігі дәлізі Орталық Азия елдеріне Солтүстік Мұзды мұхитқа шығуға және Еуропа мен Америка нарықтарымен жаһандық сауданы дамытуға мүмкіндік ашады.
Ұзындығы 4 мың 248 шақырымды құрайтын Ертіс – әлемдегі ең ұзын трансшекаралық өзен. Алайда экономикалық әлеуеті қазіргі уақытта толық пайдаланылмай отыр. Қазақстан, Ресей және Қытай өзен мүмкіндігін әзірге жеке-жеке игеріп жатыр. Бүгінде Ертісте баржалар мен өзен трамвайлары қатынайды, ал кеме қатынасы негізінен өңірлік деңгейде ғана жүзеге асырылады. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасына дейін навигация маусымында өзен арқылы жылына 700 мың тоннаға дейін жүк тасымалданған. Тіпті Семей ет комбинатына арналған жабдықтар Чикагодан Атлант және Солтүстік Мұзды мұхиттар арқылы жеткізіліп, кейін Ертіске шыққан. Қазір өзеннің бұрынғы әлеуетін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Қазақстан, Ресей және Қытай басшылары деңгейінде мультимодальды транзиттік дәліз құру жобасы әзірленіп жатыр.
Ертіс бойымен халықаралық жүк және жолаушы тасымалын тиімді дамыту үшін 3 ел бірлесіп жаңа логистикалық бағыттарды қарастырып жатыр. Соның бірі – Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылында порт салу жобасы. Портқа теміржол желісі тартылып, трансшекаралық өзеннің кеме жүретін арнасы арқылы жүктерді тиімді жеткізуге мүмкіндік жасалмақ.
Су ресурстары саласының сарапшысы Александр Лукин Ертістегі су жолдарының сызбаларын әзірлеуге қатысқан. Оның айтуынша, бұл бағыт экономикалық тұрғыдан тиімді, бірақ өзен флотын жаңғырту қажет болады. Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы Прибрежный кентінде кезінде кеме жасау зауыттары жұмыс істеген, алайда бүгінде олар тоқтап тұр. Жалпы еліміздегі өзен флотында негізінен кеңес кезеңінде жасалған 850 жүк және жолаушы кемесі бар.
Александр Лукин, Су ресурстары саласының сарапшысы:
- Прибрежный кентінде «өзен-көл» санатындағы, жүк көтергіштігі 2 мың тонна болатын теплоходтар шығарылған. Бұл шамамен 100 «КамАЗ»-дың жүгін бірден тасымалдауға мүмкіндік береді. Сондықтан су көлігі экономикалық тұрғыдан өте тиімді.
Өзен флотын жаңғырту үшін қомақты инвестиция қажет. Саланы қаржыландыру және халықаралық су көлігі инфрақұрылымын дамыту жайы Ертісті ортақ пайдаланатын үш мемлекет – Қазақстан, Ресей және Қытай тарапы бірлесіп талқылап жатыр. Маңызды мәселе 20 тамызда Омбыда өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының негізгі тақырыптарының бірі болмақ.
Дина Карменова, ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы бөлімінің басшысы:
- Негізгі стратегиялық міндеттердің бірі – Ертіс өзенінің әлеуетін пайдалана отырып, «Ресей – Қазақстан – Қытай» мультимодальды көлік дәлізін қалыптастыру. Бұл бағыт көлік логистикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ксения Белова – екінші буын өзен капитаны. Ол бірнеше теплоходты басқаратын отбасылық бизнесті дамытып отыр. Өз ұсыныстарын алдағы Омбы форумында ортаға салмақ.
Ксения Белова, Су көлігінің капитаны:
- Жыл сайын Омбыда осы саладағы өзекті мәселелер талқыланатын үлкен форум өтеді. Биылғы форумның маңызы ерекше. Өйткені оған Қазақстан мен Ресей президенттері қатысады деп күтіліп жатыр. Мемлекет басшылары жоғары деңгейде келісімге келіп, жобаның нақты жүзеге асуына серпін береді деп үміттенеміз.
Салаға жас мамандар да келіп жатыр. Өскемен мен Семейдегі оқу орындарында кеме жүргізушілерін даярлау жүйелі жолға қойылған. Жоспар бойынша 2028 жылға қарай Қазақстан аумағынан Ертіс өзені арқылы жыл сайын 2,5 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданады. Сонымен қатар жағалаудағы порт инфрақұрылымының өткізу қабілеті де артады.
Авторлары: Ернат Рахметұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин