Ертіс жағалауын балдыр басты
Ертіс өзенінің жағалауын балдыр басып барады. Бұл көрініс әсіресе тұрғындар жиі серуендейтін өзен вокзалы маңында анық байқалады. Бұған не себеп? Өзеннің табиғи құбылысы ма, әлде экологиялық мәселенің белгісі ме?
Қарлығаш Қасиетова,тілші:
- Жағалау таязданып, су шегінген жерлерді балдыр басқан. Мамандардың айтуынша, судың жасыл түске боялуына суда тіршілік ететін ұсақ балдырлардың шамадан тыс көбеюі себеп. Бұл көбіне күн қатты ысып, су қызған кезде және өзен ағыны баяулағанда болатын табиғи құбылыс көрінеді
Балдырлар әсіресе Ертіс пен Усолка өзендерінің түйіскен аумағында көптеп байқалады. Мамандардың айтуынша, бұған су құрамындағы органикалық заттардың көбеюі, яғни өзеннің ластану деңгейінің артуы себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдай балдырлардың өсуіне қолайлы орта қалыптастырады. Ал олардың шамадан тыс көбеюі судағы оттегі мөлшерін азайтып, өзеннің экожүйесіне кері әсерін тигізеді.
Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы, профессор:
- Әрине, су экосистемаға қандай әсері бар десек, әрине әсері бар. Себебі судың құрамындағы оксигенация, яғни оттегі азаяды, оттегі азайғаннан кейін ол жердегі басқа бір жәндіктер солардың дер нәсілдерінің саны азаюы мүмкін. Усолка жалпы ластанған өзен екенін білдіреді. Себебі Усолканың жағасына биыл өздеріңіз білесіздер қатты ыстық болды. Бүкіл сол Усолка кешенінде тұратын адамдар барып демалады. Демалғаннан кейін өздерінің соңындағы қоқыстарын жинамайды.
Ал инженер-гидролог Антон Чашин бұл жағдайды өзен түбінің жылдар бойы тазартылмағанымен байланыстырады. Оның айтуынша, Ертіс ағысымен бірге келген құм мен лай шөгінділері өзен түбіне жиналып, су тереңдігін азайтып отыр.
Антон Чашин, инженер-гидролог:
- Бұған дейін су жолдары кәсіпорны жұмыс істеген кезде, олар облыс аумағындағы өзендердің қажетті тереңдігін сақтап отыратын. Қазір бұл міндет олардың қызметіне кірмейді. Соның салдарынан өзен ағысымен келген құм мен лай біртіндеп жиналып, түпкі шөгінділерді қалыптастырады. Бұл өзеннің тереңдігін азайтып, су өсімдіктерінің көбеюіне жағдай жасайды.
Ертіс – трансшекаралық өзен. «Сондықтан оның су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, қорғауға алу да маңызды», - дейді мамандар. Өзеннің экологиялық тепе-теңдігінің сақталуы тек қоршаған ортаға ғана емес, ондағы тіршілік иелеріне және халықтың тұрмыс-тіршілігіне де тікелей әсер етеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков