Алматылықтар зұлмат жылдар құрбандарына тағзым етті

Алматылықтар саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына тағзым етті. Қала әкімі бастаған көпшілік бір минут үнсіздік жариялап, Қарағайлы саябағындағы мемориалға гүл шоғын қойды.

Шараға қоғам белсенділері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, жастар ұйымдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Мұндағы ескерткіш 2017 жылы ашылған. Содан бері қала тұрғындары жыл сайын саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арнайы осы жерге келеді.

Бауыржан Иманғалиев, қалалық Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары қауымдастығының төрағасы:

- Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі кезеңдермен қатар, «Тар жол тайғақ кешкен» қасіретті кезеңдердің аз болмағаны ақиқат. Солардың бірі 30-жылдардағы саяси қуғын сүргін және ашаршылық кезеңі. Бұл біздің тарихымыздағы ең бір ауыр нәубет кезеңі болып есептеледі. Болған жағдайды еш уақытта ұмытпауымыз керек. «Өткен тарихымызды білмей келешекке қадам баса алмаймыз» деген Президентіміздің сөзі бар.