Тараздағы тұрғын үй алабының халқы тозық электр желісінен қиналып отыр
Тараздағы «Дорожник» тұрғын үй алабының тұрғындары жарық мәселесінен әбден мезі болған.
Айтуларынша, елді мекендегі электр желілері мен бағандары шамамен 45 жыл бұрын тартылған. Қазір әбден тозған инфрақұрылым жиі істен шығып, жарық сөніп қала береді. Мәселе қашан шешіледі?
Дорожник тұрғын алабындағылар электр қуатын жаңа Жамбыл фосфор зауытынан алады. Мұндағы жарық желілері әбден тозған. Бағаналар да ескі. Сондықтан сәл жел соғып, жаңбыр жауса бірден жарық сөнеді. Оған қоса трасформатор да ескі болғандықтан электр қуаты жетіспейді.
Мерей Бает, тілші:
- Тұрғын үй алабына жарық тарататын жалғыз трансформатор осы. Оның өзі ескі, әрі қуаты 25 үйге ғана есептелген. Сондықтан мұндағы 100-ге жуық баспананы электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз етуге «қуаты» жетпейді.
Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе 20 жылдан бері шешілмей келеді. Соңғы уақытта жағдай тіпті ушығып кеткен. Жарық жиі өшкендіктен кейбір тұрмыстық техникалары істен шыққан. Оған қоса жұрт электр энергиясының ақысын екі есе төлеп отыр.
Күлімхан Ақылбекова, қала тұрғыны:
- Жел тұрса жаңбыр жауса өшіп қалады светіміз. Өткенде бір сутка свет болған жоқ. Бүгіннің өзінде екі рет өшіп жанды. Бізден НДС алмауы керек еді олар. Біз тек қана тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланамыз. Бізді юридический лицо деп светке потеря қосып жатыр НДС қосып жатыр.
Зульфия Ташболатова, қала тұрғыны:
- Оқушылар мектепке таңертең барады. Қыста тас түнек қараңғы. Кешке кеш қайтады 19:30-да. Бір де бір освещение жоқ. Линияның бәрі ескі. Тозығы жеткен неше жылда.
Ал әкімдіктегілер тұрғын алабының былтыр ғана қала аумағына қосылғанын айтып отыр. Соған қарамастан лезде жоба жасаған. Сөйтіп, биыл қолдау тауып, жергілікті бюджеттен 152 миллион теңге бөлінді.
Серік Тұрғын, ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алу порталында рәсімдер жүргізіліп мердігер анықталды. Маусым айының соңында жұмыстар басталады. Жобаға сәйкес 120 абонентке элект желісін қамтамасыз ету және түнгі жарық шамдарын орнату, 3 дана трансформатор орнату жұмыстары қарастырылған. Дорожник елді мекенінің электр мәселесі ағымдағы жылы шешіледі.
Былтыр Тараз қаласындағы шағын аудандар толықтай түнгі жарық шамдарымен қамтылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Ал 2028 жылға дейін Жамбыл және Байзақ аудандарынан қалаға қосылған 16 елді мекен көшелерін жарықтандыру жоспарланып отыр.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә