Ертіс қалыпты арнасына оралады

Семей тұрғындарын Ертіс өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуі алаңдатып отыр. 

Әсіресе Бейбітшілік аралы маңындағы өзен тармағы айтарлықтай тайызданып, кей жерлерде арнасы ашылып қалған. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай кейінгі жылдары сирек байқалған. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Біз қазір Бейбітшілік аралына апаратын көпірдің астында тұрмыз. Кезінде тереңдігімен талайды таңғалдырған Ертістің бұл саласы бүгінде мүлде басқа кейіпке енген. Бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғындар бұл тұсты жүзіп өтетін. Ал қазір сол арнаны жаяу-ақ кешіп өтуге болады. 

Жергілікті халықтың айтуынша, мұндай көрініс бұрын-соңды болмаған. Тұрғындар өзен суының азаюы өңірдің экологиялық ахуалына кері әсер етіп, табиғи тепе-теңдікке нұқсан келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Сонымен қатар Ертістің бұрынғы келбеті өзгеріп бара жатқанына қапалы.

Мамандардың мәліметінше, өзендегі су деңгейінің төмендеуіне бірнеше себеп әсер еткен. Ертіс негізінен Шығыс Қазақстан облысындағы таулы аймақтардан келетін өзендер мен салалар арқылы толығады. Алайда биыл көктемгі жаңбыр мен қар суының аз болуы салдарынан өзенге келетін су көлемі азайған. Бұған қоса көктем айларында Павлодар облысындағы жайылма аумақтарды суға толтыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта Шүлбі су электр станциясы суды жинақтау режимінде жұмыс істеп жатыр.

Медет Жәдігерұлы, Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы:

- Шүлбі су қоймасынан жіберілген су көлемі 50 кубтан 650 кубқа көбейтілді. Соның есебінен Семей қаласындағы судың деңгейі 94 сантиметрден 106 см дейін көтерілді. Ертең тағы 5-6 сантиметрге дейін көтеріледі деп күтіп отырмыз. Экологияға жалпы алғанда әсер етуі мүмкін. Десе де қазір ешқандай әсері жоқ.

Бірнеше күн бұрын Шүлбі су қоймасынан жіберілетін су көлемі көбейтіліп, секундына 650 текше метрге дейін ұлғайтылған. Соның нәтижесінде соңғы бір апта ішінде өзендегі су деңгейі 12 сантиметрге көтерілген. Сала мамандары алдағы күндері де су деңгейі біртіндеп өсіп, Ертістің қалыпты арнасына қайта түсуі мүмкін екенін айтады. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков