Балалардың жолдағы қауіпсіздігі

Қазақстанда жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 2 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 мыңға жуық бала түрлі жарақат алған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдайлар жазғы демалыс кезінде, балалар ересектердің қарауынсыз қалғанда жиілейді. Мәселен, 26 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында бетон араластырғыш көліктің жүргізушісі велосипед мінген баланы қағып кетті. Оқушы оқиға орнында көз жұмды. Көп ұзамай Тілендиев даңғылында осыған ұқсас жағдай тіркелді. Онда «Камаз» жүргізушісі жанармай бекетіне бұрылған сәтте велосипедпен жолдан өтпек болған жасөспірімді байқамай қалған. Соққыдан жарақат алған бала ауруханаға жеткізілді. Тағы бір жол апаты Шығыс Қазақстан облысында болды. Жеңіл көлік жүргізушісі топтасып келе жатқан велосипедшілерді қаққан. Салдарынан 14 пен 18 жас аралығындағы 6 жасөспірім медициналық көмекке жүгінді. Бұл оқиғалар жүргізушілер мен жол қозғалысының қатысушыларына ережелерді қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте ескертеді. Әсіресе, қиылыстарда өте сақ болу керек. Сонымен қатар жүк көліктердің қасынан өткенде абай болған жөн.