Елде келер жылдан бастап несие лимиті енгізіледі
Енді елде несиені екінің бірі ала алмайды. Өйткені Ұлттық банк келер жылдан бастап берілетін кредит санына шектеу енгізбек.
Қазір отандастарымыздың қаржылық ұйымдарға берешегі 25 триллионға жеткен. Басым бөлігі – тұтынушылық несиелер. Ал жаңа бастама халықты шамадан тыс қарыз алудан шектеп, қаржылық тұрақтылықты күшейтуді мақсат етеді. Яғни бұдан былай банктер несие берерде азаматтың ай сайынғы төлем сомасына емес, жалпы қарыз жүктемесін есепке алуға міндетті болады. Елде бұған дейін де тұтынушылық несиелерге қатысты жаңа ереже енгізілген еді. Оған сәйкес бір ай төлем жасамаған азаматтарға қосымша кредит беруге тыйым салынды.
Бекнұр Қисықов, экономист:
- Келер жылы қандай заң қабылданады? Ол коэффициент «қаржылық жүктеме коэффициенті» деп аталады. Бір ғана жерде жұмыс істеп, басқа табыс көзі жоқ адамдардың 8 несие алған жағдайлары болды. Яғни әр банктен бір-бір несие алған, оған қоса микроқаржы ұйымдарынан да кредит алуға тыйым салынады. Сондықтан мұндай жағдайларға шектеу қоятын заңды қолдау керек деп ойлаймын. Алайда мәселені әлеуметтік тұрғыдан да қарастыру қажет. Несие инфляцияны да, басқа да әлеуметтік мәселелерді де шешпейді. Кейбір адамдар қайта-қайта қарыз алып, кейін амнистия күтеді. Амнистиядан кейін тағы да несие алады. Меніңше, бұл – қаржылық нигилизм.