Стоматолог: Өзбекстаннан тісті арзан салдырып келгендердің нәтижесін сосын көрейік
Стоматологиялық қызмет құны қарыштап барады.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, тісжегі емі өткен жылғы сәуір айындағы бағамен салыстырғанда, 17 пайызға қымбаттаған. Ал тіс жұлу бағасы 15 пайызға өскен. Тісті кәсіби тазалау, протез бен имплант қойдыру құны да арзан емес. Сапасы бағасына сай болса бірсәрі, бірақ соңғы жылдары тіс дәрігерлерінің салғырттығына кезіккен ағайынның қарасы артқан.
Күн өткен сайын деннің саулығы: қолаң шаш, ажарлы келбет пен маржандай тізілген тістердің болуы бақуатты өмірдің басты белгісіне айналып келеді. Әсіресе, соңғысы оңайлықпен сатып ала алмайтын құндылықтың қатарында. Бұған кейіпкеріміздің оқиғасы дәлел. Астаналық тұрғын азу тісін емдетемін деп бірнеше айдан соң ауруы асқынып, операция жасатуға мәжбүр болған.
Таңат Айдарханұлы, Астана қаласының тұрғыны:
"Дұрыс демала алмай жүрген соң дәрігерлер менде аллергия, одан кейін астма бар екенін айтты, бірақ кейін тексерулердің нәтижесінде мұрын қуысында тіс пломбасының тұрып қалғаны белгілі болды. Сөйтіп, қыруар ақша шығарып, операция жасатып, бәрін тазалаттым. Дәрігердің қателігінен осындай жағдайға түстім".
Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, бір жыл ішінде тұрғындар тарапынан медициналық қызметтің сапасына қатысты 1100-ден астам шағым кеп түскен. Олардың бір парасы тіс емдеудегі олқылықтарға кеп тірелген. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны 15 мың теңгеге тісін жұлдырып, салдарынан қызыл иегі іріңдеп, флегмона және абсцесс диагнозымен ауруханадан бір-ақ шыққан.
Нұрсұлу Әубәкірова, Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
"А. есімді тұтынушы жүгінді. Не себепті жүгінген? Себебі оған сапасыз стоматологиялық қызмет көрсетілген. Нәтижесінде тұтынушы стоматологиялық емханаға наразылық білдіріп, өзінің жазбаша талаптарын қойған. Бірақ сол талапқа заңға сәйкес 10 күнде жауап бермеген. Соған сәйкес, департаментпен тексеру ашылып, нәтижесінде әкімшілік жаза қолданылды. Негізінен 500 мыңнан астам ақша өндірілді. Оның ішінде моральдық шығын өтемі 200 мың теңге."
Айгүл Ысқақова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті басқармасының басшысы:
"Қазақстанда 6418-ден астам стоматологиялық клиника тіркеуде тұр. Оның ішінде 85 пайызы жекеменшік стоматологиялық клиникаларға жатады. Бүгінгі таңда ҚР Президенті әкімшілігі мен Бас прокуратураның қолдауымен 622 стоматологиялық клиникаға тексерулер жүргізілді. Оның ішінде 609 стоматологиялық клиника тексерістен өтіп қорытындылар жасалды. Бүгінгі таңда айтып өтетін 104 стоматологиялық клиника өз еркімен лицензияларын қайтарды".
Бұған қоса сертификаттау мерзімінің өтіп кетуі, құжаттағы мекен-жайдың емхана ғимаратымен сәйкес келмеуі, мамандардың кәсіби біліктілігінің болмауы сынды заңбұзушылықтарға байланысты, 22 тіс емханасының жұмысы уақытша тоқтатылып, 27-сіне сотқа дейінгі ескерту хабарламасы жіберіліп, 38 емхананың құжаттары сотқа жолданды. Стоматологиялық қызметтің сапасын айтпағанда, бағасы да күн санап шарықтауда. Мәселен, 2020 жылғы кезеңмен салыстырғанда, тісжегіні емдеу құны 122 пайызға, тіс жұлдыру 105 пайызға, имлант орнату 78 пайызға, ал протез жасату 66 пайызға өскен.
Стоматологиялық қызмет (2020 ж. салыстырғанда)
Тіс жегі емі - 122,4%
Тіс жұлу - 105,4%
Имплант қою - 78%
Протез жасату - 66,3%
Ерболат Бөріхан, стоматолог:
«Неге қымбаттың негізі Қазақстан еш нәрсе өндірмейді, біріншіден. Екіншіден, келетін бізге бүкіл дүниелер шет мемлекеттерден келеді. Мысалы, менің өзімнің екі кабинетімдегі екі микроскобымның құны 28 миллион теңге. Маған оны ешқандай мемлекет көмектесіп жатқан жоқ. Екіншіден, жанағы алатын аппараттарымыз, установкаларымыз. Отырған креслом жұмыс жасаушы ол 16 миллион теңге тұрады. Өзбекстанға барып коронка немесе имплант салдырды деп ойлайық. Сол жаққа барып арзанға салдырып келген адам 15 жылдан кейін көрейік та нәтижесін, содан кейін айтсын да бізге сапасы қалай болғандығын."
Көрсетілетін қызмет құнына емхананың орналасқан жері де айтарлықтай ықпал етеді. Емханалардың дені жеке меншікте болғандықтан бағаны әр медициналық мекеме өздері бекітеді. Сондықтан да, бір дәрігер тіс жегіні 30 мың теңгеге емдесе, енді бірі дәл сол қызметке 70 мың теңге сұрауы мүмкін. Баға алшақтығында дәрігерлердің біліктілігі де үлкен роль атқарады.
Ерболат Бөріхан, стоматолог:
«Қазіргі біз хаттамаларды оқып қараған кезімізде де сол Совет өкіметі кезіндегі, кеңес өкіметі кезіндегі хаттамалар әлі күнге дейін сақталған, бірақ та одан 30-40 жыл өтіп кетті. Мысалы, олар медицина деген нәрсе тоқтаусыз дамитын ғылым саласы. Болашақта бір стоматологиялық академия немесе институттар жеке болса екен. Өйткені бүкіл әлемде, мысалы, жеке ғылыми орталықтар бар да мемлекет тарапынан қаржыландырылатын. Бізде мемлекет тарапынан қаржыландырылатын стоматологиялық институт немесе академия жоқ".
Бұдан бөлек МӘМС жүйесі арқылы қызмет көрсететін емханаларға да көбірек қолдау қажет дейді маман. Өйткені, оның айтуынша, қордың қаражатына жүргізілетін ем сапасы және қолданылатын құралдардың беріктігі жеке меншік емханаларға қарағанда әлдеқайда төмен.
Назым Кенжебай, Мерей Талап