Әкімшілік құқық бойынша Еуразиялық конгресс құрылады
Қазақстанның Жоғарғы Соты бұған бастамашы болды. Еліміздің әкімшілік әділетінің бес жылдығына арналған халықаралық форумда осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Әкімшілік құқық бойынша Еуразиялық конгресс құру цифрлық трансформация кеңеңінде саланы дамытуға әрі беделді халықаралық сараптама алаңын қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ. Қазақстан бастамасын ТМД Экономикалық Соты, Қырғызстан мен Өзбекстан Жоғарғы соттары, Әзербайжан, Тәжікстан, Германия судьялары, Түркия Мемлекеттік кеңесі палатасының төрағасы қолдады. Жалпы форумда әкімшілік сот ісін жүргізуді дамыту, мемлекетпен қарым-қатынаста азаматтардың құқықтарын қорғау саласында озық халықаралық тәсілдерді енгізу мәселелері талқыланды. Ал жиын соңында қатысушылар әкімшілік құқық бойынша Еуразиялық Конгресс құру туралы декларацияға қол қойды.
Йорг Пуделька, Берлин қаласы әкімшілік сотының отставкадағы судьясы:
- Қазіргі таңда Қазақстан мен Германияның әкімшілік әділет жүйесі ұқсас сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекеттік басқарудан жылдамдық пен жоғары сапа қатар талап етіледі. Оның үстіне басқару қызметіне жасанды интеллект те әсер етіп жатыр. Ал әкімшілік әділеттің негізгі міндеті – бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің заңдылығын тексеру. Сондықтан бұл мәселелер сот төрелігінің де басты назарында.